Қатерлі ісік дерті дендеп барады

Жаңа күн

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Елімізде жыл сайын жатыр мойны обырынан 600-ден астам әйел көз жұмады. Қатерлі ісік көбінесе адам паппилома вирусынан туындайды, сондықтан екпе алу маңызды-дейді дәрігерлер. Осы ретте, былтыр мектептерде қыз балаларға тегін вакцина салу басталды. Бүгінге дейін қанша қызға екпе егілді? Адам папилломасы вирусы тағы қандай ауруларды қоздырады? Тілші толықтырады.

37 жастағы Айгүл 6 жыл бұрын гинекологқа тексеріліп, профилактикадан өтпек болған. Сол кезде адам папиллома вирусы анықталыпты. Тиісті ем-дом алғанымен, жатыр мойны обыры пайда болған. Адам папилломасы онкологияны қоздыратынын білмедім дейді науқас.

Айгүл, қала тұрғыны:

Былтыр қан кетіп, ауруханаға түстім. Сол кезде жатыр мойны обыры диагнозы қойылды. Дәрігерлер адам папиллома вирусының салдары екенін айтты. Химиялық терапиядан өттім. Енді, бала көтере алмаймын. Оған қоса, ауыр ем шарадан кейін ішектерде ауру пайда болды. Қазір ем қабылдап жатырмын.

Ресми сандарды сөйлетсек, елде жыл сайын жатыр мойны обыры 2000-ға жуық адамнан анықталады. Оның 600-і көз жұмады. Яғни, әр екі күн сайын 3 науқас осы кеселден қайтыс болады. Көпшілігінің адам папилома вирусын елеп-ескере бермейтіні өкінішті дейді мамандар.

Гүлмира Үдербаева, онколог дәрігер:

Әйелдер арасында ең көп тараған онкология — осы жатыр мойны обыры. Бұл дерттің пайда болуына адам папиллома вирусы тікелей әсер етеді. Монша, спорт залдары мен бассейндерде инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары. Сондай-ақ, қол алысып амандасу, құшақтасуда, жыныстық қатынас кезінде тез таралады. Соңғы жылдары жатыр мойны обыры жасарып келеді.

Аты жаман аурудың алдын алудың жалғыз жолы-екпе. Былтыр күзде мектептерде адам папиллома вирусына қарсы 11-13 жастағы қыз балаларды вакциналау басталды. Бүгінге дейін 124 мың оқушыға екпе салынды. Ал ересектер ақылы түрде салдыра алады.

Жұмабек Бекенов, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маман:

Бұл вакцина 2006 жылдан бері қолданыста дүние жүзінде, әлемнің елдерінің 135 елінде жасалып осы уақытқа дейін оң нәтиже берген. Әсіресе мына біздің алдыңғы қатарлы елдер дейміз ғой, Еуропа елдерінде, Америка елдерінде бұл 95%-ға дейін аурудың көрсеткішін төмендеткен.

Папиллома вирусы ауыз қуысы обырына да алып келуі мүмкін. Сондықтан әр адам инфекцияның бар-жоғын анықтау үшін скринингтен өтіп, тексеріліп тұрғаны абзал. Вирус ертерек анықталса, ракты емдеу оңай дейді мамандар.

Динара Жарқынбек