Рыбакина ширек финалға шықты. Дәл қазір Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында теннистен WTA 500 санатындағы турнир өтіп жатыр . Қазақстандық спортшы бүгін ширек финал аясында германиялық Татьяна Мариямен кездеседі. Бұған қоса ол жұптық сында да жартылай финал жолдамасын салапқа салады. Яғни қазақстандық Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева нидерландтық және америкалық жұппен жолығады.
Астанада бокстан Әлем кубогы өтеді
33 елдің үздіктері Астанаға жиналады. Бұнда бірер аптадан кейін бокстан Әлем кубогы басталады. Бұл отандық спорт үшін өзіндік тарихи оқиға болмақ. Өйткені еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүниежүзілік додасын қабылдағалы отыр. Қазірдің өзінде оған 33 елдің құрамалары келетіні белгілі. Байрақты бәсекенің өзі 30 маусымда басталып, 7 шілдеге дейін жалғасады. Жарыс елорда төріндегі жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Келем деушілдерге есік ашық. Яғни бокс жанкүйерлері тегін негізде залға кіріп, тартысты кездесулерді өз көздерімен тамашалай алады.
Ел намысы қорғайтын спортшылардың нақты тізімі айтылмады. Десе де әлеуметтік желіде негізгі боксшыларымыздың есімдері жазылған тізім тарап жатыр. Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов жарыс алдында Астанада ерлер арасында, ал Алматыда әйелдер арасында жаттығу жиыны өтетінін мәлемдеді. Сол жерде кей салмақтар бойынша ішкі іріктеу өтеді. Ал негізгі спортшылар анықталып қойғанын алға тартты.
Дзюдодан әлем чемпионатына дайындық
12 спортшымыз әлем чемпионатында бақ сынайды. Бүгін Венгрия астанасы Будапешт қаласында дзюдодан жылдың басты бәсекесі басталады. Дүниежүзілік додаға 93 елден 600-ге жуық қатысушы жиналды. Оның ішінде 12 жерлесіміз бар. Биыл ұлттық құрама өкілдеріне артылатын жауапкершілік үлкен. Өйткені қазақстандық қыз-жігіттердің басым бөлігі бұған дейін әлем біріншілігіне бірнеше рет қатысқан. Тіпті Олимпиада ойындарында бақ сынап, жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар да бар. Басқа жағынан, жарты жыл бұрын елімізге шетелден мамандар әкелініп, отандық дзюдоның дамуына үлкен өзгеріс енгізген болатын. Соның алғашқы нәтижелерін де көретін уақыт. Будапешттегі әлем чемпионатында бүгін 2 салмақтағы медальдар сарапқа салынады және татамиге 4 дзюдошымыз шығады. Атап айтқанда, ерлерден 60 келіде Шерзод Давлатов пен Мағжан Шамшадин және әйелдерден 48 келіде Әбиба Әбужақынова мен Ғалия Тыныбаева бақ сынайды. Ал дүниежүзілік доданың өзі 19 маусымға дейін жалғасады.
Данияр Елеусінов АҚШ-та жұдырықтасады
Данияр Елеусінов алдағы айда АҚШ-та жұдырықтасады. Қазақстандық кәсіпқой боксшы қазір Питтсбург қаласы маңында білікті бапкер Том Янкеллоның залында дайындалып жатыр. Ол 19 шілде күні Вашингтон қаласында өтетін жекпе-жек кешіне қатыспақ. Әзірге қарсыласының есімі жарияланған жоқ.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов соңғы рет 2023 жылдың қыркүйегінде шаршы алаңға шықты. Алматы қаласында филиппиндік Джо Нойнайды нокаутпен жеңген болатын. Одан кейін биыл ақпанда Астанадаға бокс кешінде жұдырықтасуы керек еді. Алайда All stars boxing проуметрлік компаниясы Олимпиада чемпионын жарнама тақташалары мен билеттер сатылымында пайдаланып, бірер күн қалғанда Данияр шаршы алаңға шықпайтынын жариялады.
Айта кетейік, Данияр бүгінге дейін кәсіпқой рингте 12 кездесу өтізіп, 12-сінде де жеңіске жетті. Оның жетеуін уақытынан бұрын аяқтады.