Қазақтар мен үндістерге ортақ ырым

Жаңа күн

Қолымызға түскен бұл суретті жуырда АҚШ-тағы Смитсон инс­ти­тутының Фольклор және мәдени мұралар орталығының жо­ба менеджері Слоан Келлер ханымнан аттай қалап, арнайы сұра­тып алған едік. Вашингтондағы Смитсон институты – 21 музей мен 9 зерттеу орталығын біріктіретін алып мұра­жайлар кешені.

Қолымыздағы қа­зақ қолөнер ше­бер­­лерінің бей­несі екі жыл бұрын Ва­шинг­тонда өткен дәстүрлі Смитсон фольклорлық фестивалі (The Smithsonian Folklife Festival) кезінде түсіріліп, Америка ақпарат құралдарында «Soul of Tengri» атауымен жарияланып қана қоймай, ең үздік сурет атанған.

Сонау 1967 жылдан бері өткізіліп келе жатқан фольклорлық фестивальға 2023 жылы Қазақстан, анығырағы – Қазақстан қолөнершілер одағының өкілдері «Тәңірі рухы: қазақтың салт-дәстүрлері мен ырымдары» атты жобамен тұңғыш рет қатысқаны туралы осы оқиғаға ортақтасу бағы бұйырған әріптестеріміз жазды да.

Смитсон инстиутына 60-жыл­дардың басында әйгілі орнитолог Сидни Диллон Рипли хатшы болып тағайындалады. Сол кездің өзінде 154 миллиондай орасан жәдігері бар институттың өмірі жаңа хатшыға тым қызықсыз, бірсыдырғы болып көрінсе керек. Сөйтіп ол шатырда жатқан Америка халықтарының бай мұрасына, музей артефактілеріне – ұлт мәдениеті арқылы жаңа леп сыйлау үшін фольклорлық фестиваль ұйымдастыру жөнінде идея тастап қана қоймай, жүзеге асырады. Әлбетте, алғашқы фес­тиваль жұртты да, журналистерді де таң қалдырса, әйнек астындағы жансыз экспонаттарға әбден көзі үйренген музей­лер әлемі үшін тосын кө­рі­ніп, халықтардың тірі­ліп шыға келгендей жәді­гер­­ле­рі біраз абдыратып, аз­даған қор­қыныш ту­дыр­ған...

Смитсон инс­титуты Қазақстан мәдени мұралар қорының жұмысына қоса, жергілікті қолөнершілерді қолдау бастамасына қосылатынын ресми түрде мәлімдеді. Осы бастамаға орай, Смитсон инсти­тутының Фольклор және мәдени мұралар орталығының мамандары биыл мамыр айында жергі­лікті қолөнершілермен танысып, үш жылдық ынтымақтастық орнату үшін жоспар құру мақсатында Қазақстанға келіп, оңтүстік өңірлерге – Алматы, Шымкент, Тараз және Түркістан қала­­ла­рындағы қолөнер шебер­хана­ларын аралаған еді. Әрине, бұл сапардың соңы Алматыда БАҚ өкіл­дерімен өткен бас­па­сөз мәслихатымен мәре­ге жетіп, Смит­сон инс­ти­тутының мамандары «Бір сурет­тің сыры» айдарына сұранып шыға кел­­ген суреттің тарихын ықы­лас­пен баян­дап, өзге де есте­ліктерді жаңғыртты.

Айтқандай, 2023 жылы Смитсон фольклорлық фестивалінің бірінші күнінде адыраспан тұтатқан қазақтар қолөнершілерін көрген америкалық үндістер бірден: «Бұл біздің ырымымыз ғой», дескен екен... Түбі жоқ тарихтың бедерінде халықтар қай тұста түйісіп, қай арада туысатыны зерттелуі бітпейтін бір тылсым дерсіз?

АЛМАТЫ