«Самұрық-Қазына» қорының қаржылық көрсеткіштері өсті

Жаңа күн

«Самұрық-Қазына» қорының барлық төлемдерінің жалпы сомасы республикалық бюджет кірістерінің 17%-ын қамтыды.

Бұл былтырғы көрсеткіш. Ол туралы журналистерге арналған брифингте «Самұрық-Қазынаның» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мәлімдеді. Ол қордың қаржылық көрсеткіштері жылдан жылға тұрақты түрде өсіп жатқанын жеткізді.

Былтыр "Самұрық-Қазына" тобының таза пайдасы 2 жарым трлн теңгеге жуықтады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 39%-ға көп. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, 2021 жылдан бері активтердің орташа жылдық өсімі 11%-ды құрап, 41 трлн теңгеге жеткен. Әрі "Самұрық-Қазына" еліміздегі ірі салық төлеушілердің бірі.

Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма төрағасы

- Жыл сайын шамамен 2 трлн теңге салық төлейміз. Бұдан бөлек қор мемлекет пайдасына қосымша 1,355 трлн теңге бағыттады. Оның ішінде 737 млрд теңге – бюджетке дивиденд ретінде, 568 млрд теңге – Үкімет тапсырмасы бойынша әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, 50 млрд теңге "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына бөлінді.

Кейінгі екі жылда "Самұрық-Қазына" газ және энергиямен қамту, ресурстық базаны ұлғайту, логистика, мұнай сынды салаларда 25 ірі жобаны жүзеге асырды. Оның жалпы құны 2,2 трлн теңгеден асады. Халықаралық серіктестік пен шетелдік инвестицияларды тарту бойынша да көші ілгері.

Салтанат Сәтжан, "Самұрық-Қазына" АҚ Даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры:

- Біз инвесторлармен бірге капиталға кіреміз және олармен бірге тәуекелді бөлісеміз. Бұл бірлесіп инвестициялау механизмі.

Былтыр Қор жасақтаған жалпы қосылған құн 10 трлн теңге болды, бұл елдің жалпы ішкі өнімнің 7,5%-ына тең.

Мерей Мұратханқызы, Бағдат Қайыркен