Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы спутниктік интернет қызметін Қазақстан аумағында ресми іске қосу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, компания еліміздің ақпараттық қауіпсіздік және байланыс саласындағы заңнамасын толық сақтай отырып жұмыс істеуге тиіс.
"Құжат Қазақстан халқы үшін Starlink спутниктік терминалдарын ресми түрде сатуды іске қосуды көздейді – сатылым 2025 жылдың үшінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр", — делінген хабарламада.
Жобаны іске асыру – елдің шалғай өңірлерін жоғары жылдамдықтағы спутниктік интернетпен қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ. Бұл цифрлық байланыс мүмкіндіктерін кеңейтіп, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға тың серпін береді.
Әсіресе Starlink арқылы жоғары жылдамдықты интернетке қосылу ауылдық мектептер, медициналық мекемелер, мобильді топтар мен инфрақұрылым нысандарына сапалы байланысқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл талшықты-оптикалық желілерді экономикалық немесе техникалық тұрғыдан тартуға қиындық тудыратын өңірлерде өзекті болып отыр.
"Қазақстан – аумағы кең, халқы әр өңірге шашыраңқы орналасқан ел. Барлық тұрғынды сапалы интернетпен қамту үшін біз талшықты-оптикалық байланыс желілерінен ұялы байланыс мұнараларына дейінгі түрлі тәсілдерді қолданамыз. Алайда жайылымдар, таулы ауылдар мен шалғайдағы кәсіпорындар сияқты қолжетімділігі күрделі аймақтар да бар. Ондағы тұрғындар да сапалы интернетке қол жеткізуге тиіс. Қазіргі таңда әлемде бұған мүмкіндік беретін технологиялар бар. Бүгінге дейін Starlink елімізде тек мектептерге интернет ұсынып, пилоттық режимде жұмыс істеп келді. Ал халық үшін ол ресми түрде қолжетімсіз еді. Енді біз келісімге келдік, компания ақпараттық қауіпсіздік пен байланыс саласындағы ұлттық заңнама талаптарына сай жұмыс істейтін болады. Биыл қажетті жұмыстар жүргізіліп, тұрғындар ресми әрі заңды түрде спутниктік интернетке қосыла алады", — деді министр Жаслан Мадиев.
Starlink жабдықтарын заңдастыру мен ресми қолдану мәртебесінің ерекше маңызы бар: енді азаматтар терминалдарды заңды түрде сатып алып, пайдаланып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркей алады.
Starlink спутниктік интернетіне қосылу арнайы пайдаланушы құрылғылары арқылы іске асады. Қазіргі уақытта жеке пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібін қоса алғанда, техникалық және ұйымдастырушылық мәселелерді келісу жұмыстары жүргізілуде.
Жобаны іске асырудың барлық кезеңдері ұлттық заңнама талаптарын, соның ішінде қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізіледі.