Жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын « Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы жобаны мерзімінен 1,5 жыл бұрын ерте аяқтап, 80-нен астам елді мекенді көгілдір отынмен қамтымақ.
Ұлттық қор есебінен «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ желісінің құрылысына 131,7 млрд теңге бөлінген. Сол арқылы 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары табиғи газға қол жеткізеді. Қазір газ құбырының желілік бөлігін салу жұмыстары аяқталған. Автоматты газ тарату стансалары тұрғызылып жатыр. Жалпы, 6 газ құбыры-бұрмасын және «Жансүгіров», «Қапал», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай», «Үшарал» – 6 автоматты газ тарату стансасын салу көзделген.
«Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен, Ұлттық қордың қаржылай қолдауымен қолға алынған ауқымды жоба. Өткен жылы Үкімет басшысы Жетісу облысына келгенде құрылыс жұмыстары басталған болатын. Жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, жұмысты қарқынды жүргіздік. Нәтижесінде, жобаны белгіленген мерзімінен ертерек аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл «QazaqGaz», облыс әкімдігі және мердігер компания – үш тараптың бірлескен үлгілі командалық жұмысының нәтижесі», дейді өңірге сапармен келген «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.
Стансалардың дайындығы осы жылдың тамыз айына жоспарланған. Құрылысқа 148 бірлік арнайы техника мен 356 жұмысшы персонал жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстары ерекше бақылауда және кестеден озып келеді.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов елді мекендердің ішкі желілерін жүргізудің дайындық жұмыстары туралы айтты.
«6 елді мекенді биыл, қалған 60-ын келесі жылы газға қосамыз. Соның ішінде Ақсу қант зауыты да бар. Осы шаралардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда, кәсіпкерлік пен өндіріс орындарының жұмысы үшін тиімді. Бұл өңір экономикасын дамытуға үлкен серпін береді», дейді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.
Жетісу облысында 192 елді мекен газдандыруға жатады. Облыс бөлінгенде небәрі 5 елді мекенде ғана газ болса, бүгінде игілікке қол іліктірген елді мекен саны 84-ке жетіп, газдандыру деңгейі 58,2% болды. Жыл соңына дейін көгілдір отын тартылған елді мекен санын 126-ға, газдандыру көрсеткішін 71,4%-ға жеткізу жоспарланып отыр. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының арқасында 66 елді мекен газға қосылып, 2028 жылға дейін облыстың газдандыруға жататын 192 елді мекені толық көгілдір отынға қол жеткізбек.
Жетісу облысы