Бұқтырманың айналасында туристік нысандар салынады

Жаңа күн

Бұқтырманың айналасында туристік нысандар салынады, деп хабарлайды 24KZ. «Жаңа көпір бірнеше аудандағы туризмді дамытуға серпін болады», – дейді мамандар. Мәселен, су қоймасының арғы бетінде талай жылдан бері бос жатқан 51 учаске кәсіпкерлерге беріледі. Ал екінші жағындағы 15 гектар аумақта демалыс базалары салынып жатыр. «Ендігі міндет – кіреберіс жолдарды жөндеп, жарықтандыру мәселесін реттеу», – дейді жауаптылар.

Көпір қолданысқа берілгелі Бұқтырманың арғы бетіндегі тұрғындар туризмді дамытуға ден қойды. Жол қатынасы жеңілдеген соң кәсіп бастауға мүмкіндік туды. Гүлзия Бердіғожина отбасымен бірге Құйған ауылынан бес шақырым жердегі жағалаудан 1 гектар жер алып, демалыс базасын салып жатыр. Балалары әзірге киіз үй тігіп, қалқалар дайындап қойды. Дәмхана құрылысы жүріп жатыр. Айтуынша, бұл жердің суы терең емес, ары-бері өткен жолаушыларға қолайлы.

Гүлзия Бердіғожина, кәсіпкер:

- Ал енді табиғатына келсек, айтары жоқ, ел суретпен салса, бізде өзі суреттегідей дайын тұр. Сол ғасырлар бойы пайдаланылмады ғой, себебі Ертіс өзені біздің мақтанышымыз болғанымен, өзеннен бері қарай өту қиын болды. Енді қазір Бергі жаққа жан кіріп жатыр.

Бұқтырманың бұл беті демалушыларды да қызықтыра бастаған. «Хабарласып, алдын ала жазылып жатқан жан көп», – дейді кәсіп иелері. Айқын Қайролда осы жаққа ата-анасымен бірге бірнеше күн бұрын келіпті. Таза ауа мен жайлы жағалау ұнағанын жасырмайды.

Айқын Қайролда, демалушы:

- Көпір ашылғалы біз өзіміз көп келеміз. Міне, мында киіз үйлер ашылыпты, «беседка» құрылыпты, су да жылы бола бастады, енді түсуге болады. Табиғаты жақсы, ауасы таза.

Мұнда жақында ескертпе белгілер мен құтқару мұнарасы орнатылады. Көпірдің сол жақ басында тағы 51 учаске аукцион арқылы кәсіпкерлерге ұсынылады. «Ендігі міндет – жандана бастаған жағалауға апаратын жолды жөндеп, жарықтандыру желісін жақсарту», – дейді мамандар.

Алмас Ижимов, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

- Аудандық маңыздағы негізгі жолдардан демалыс орындарына дейін келетін жолдарды сапалы әрі қолжетімді етіп салу, одан кейін демалыс орындары аймағында аяқжол салу, жарықтандыру жүйесін жақсарту – соның барлығы жоспарда тұр.

Туризмді түлету үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасымен кәсіпкерлер жалпы 30 миллион теңге несие алуға өтініш білдірген. Демек алдағы жылдары өлкеге келетін туристер саны еселеп артады. Өткен маусымда облыста 430 мыңға жуық адам демалған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов