Елде алғаш рет жасөспірімдерге жамбас буынын эндопротездеу операциясы жасалды.
Бұрын мұндай медициналық көмек ересектерге ғана көрсетілетін. Ал балалар кәмелет жасқа толғанша күтетін немесе шетелге барып емделетін. Мейірханның айтуынша, кейінгі 4 жылда өзінің жүріп-тұруы қиындап кеткен. Спорттан да қол үзуге мәжбүр болды. Жақында оған отандық дәрігерлердің көмегімен эндопротездеу операциясы жасалды. Бәрі сәтімен өтіп, қазір науқастың жағдайы жақсара бастаған.
Мейірхан Сәлім, емделуші:
- Ауырған соң спортты қойдым. 4 жыл грек-рим күресіне, сосын футболға бардым. Ота жақсы өтті. Өзімді жақсы сезінемін. Бәрі жақсы болды.
Жамбас аурулары жарақаттан, қабынудан немесе туа бітті пайда болуы мүмкін. Мұндай дертке шалдыққан жасөспірімдерді емдеу үшін ата-аналар шетелге баратын. Енді шекара асудың қажеті жоқ. Елордадағы №2 балалар ауруханасының дәрігерлері эндопротездеу орталығының мамандарымен бірге алғаш рет екі жасөспірімге операция жасады.
Алексей Белокобылов, Буынды эндопротездеу республикалық орталығының басшысы:
- Біреуінің аяғы 7 см-ге қысқарған. Ал екіншісінде анкелос буынды 92 градусқа жауып тастаған. Егер оларды қазір түземесек, басқа буыны мен омыртқаларына зақым келер еді. Ал одан кейін тағы басқа аурулар пайда болуы мүмкін.
Эндопротез кемінде 20 жыл шыдайды. Операциялар тегін жасалған. Дәрігерлер енді мұндай тәжірибені елдің өзге аймақтарына енгізуді жоспарлап отыр. Өйткені кезек күткен балалар аз емес. Қазір дәл осы аурухананың өзінде 27 бала есепте тұр.
Агабек Чикинаев, Қалалық №2 балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі:
- Науқастардың жамбасы жабылып қалады, істемейді, анкелос болады. Аяқтары ақсайды, ауырады, төсек тартады, балдақпен жүреді. Үш жыл бұрын дайындалдық сондай балаларға ем беруге. Алдымызда сондай емді балалар ауруханасына протокол жасап, жеткізіп, дәрігерлерді үйретіп, сондай ем жасау қажеті бар.
Статистика бойынша әлемде әр бір миллион адамның біреуі жамбас ауруларына шалдығады екен. Оның ішінде жасөспірімдерге операция жасала бермейді. Отандық дәрігерлердің тәжірибесі енді қазақстандық балалардың тез сауығуына ықпал етпек.