Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдында сөз сөйледі , — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Сөзінің басында Мемлекет басшысы Премьер-министр Роберт Фицо мен Словакия делегациясының барлық мүшелеріне сапар үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияның Қазақстан үшін Еуропалық одақтағы маңызды әрі сенімді серіктес екенін атап өтті.
"Бай тарихы бар өзара қарым-қатынасымыз достық пен өзара құрмет рухында нығая түсуде. Астана мен Братислава арасында мазмұнды саяси диалог орнаған. Сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларда байланыстар белсенді дамып келеді. Келісімшарттық-құқықтық база қалыптасқан. Өзара сауда көлемі тұрақты өсуде. Қазақстанда 30-дан астам словакиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Роберт Фицо мырзаға ірі словакиялық бизнес өкілдерімен бірге елімізге келгені үшін ризашылығымды білдіремін. Бүгін өтетін бизнес-форум ынтымақтастығымызға қосымша серпін береді деп сенемін", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Роберт Фицомен мазмұнды келіссөздер барысында қазақ-словакиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланып, нақты уағдаластықтарға қол жеткізілгенін атап өтті.
"Біздің мемлекеттеріміз арасында ешқандай келіспеушілік жоқ. Қазақстан мен Словакия алдында кең ауқымды ынтымақтастық көкжиегі ашық. Көпқырлы байланыстарды нығайту – екі халықтың да мүддесіне сай келеді. Словакия – тұрақты экономикалық өсімге ие серпінді дамып келе жатқан мемлекет. Осыған байланысты Қазақстан екіжақты қарым-қатынасты кеңейтуге ұмтылады. Өзара тауар айналымын арттыру мәселелері қаралды. Инвестициялық ынтымақтастықты тереңдетуге ерекше мән береміз. Бұл тұрғыда Үкіметаралық комиссияның рөлі маңызды. Мен оның тең төрағаларының деңгейін министрлер деңгейіне көтеруді ұсындым.
Қазақстан Словакияға мұнай, газ, уран, азық-түлік өнімдері және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың әлеуеті зор. Әскери-техникалық салада да ынтымақтастықтың айтарлықтай әлеуеті бар. Сонымен қатар, келіссөздер барысында біз стратегиялық маңызы бар Транскаспий халықаралық көлік дәлізін бірлесіп пайдалану мүмкіндігін талқыладық. Мен словакиялық әріптестерімізді бұл жобаға қатысуға шақырдым. Бұл екіжақты сауда үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін", – деді Қазақстан Президенті.
Ол Қазақстанның су ресурстарын басқару саласындағы Словакияның озық тәжірибесін зерттеуге мүдделі екенін және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Президенттің айтуынша, бүгінгі келіссөздер барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер де талқыланды.
"Біз геосаяси тұрақсыздыққа, жаһандық қайшылықтар мен сауда соғыстарына алаңдаушылық білдірдік. Барлық даулар тек бейбіт жолмен шешілуі керек деп есептейміз. Екі ел халықаралық ұйымдар аясындағы байланыстарды нығайтуда. Атап айтқанда, БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында күш-жігерімізді үйлестірудеміз. Көптеген жаһандық үрдістер мен сын-қатерлер бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Біз көпжақты дипломатияға зор мән береміз. Бүгінгі келіссөздер қарым-қатынастарымыздың өзара тиімді сипатын тағы да дәлелдеді. Ортақ күш-жігерімізбен қазақ-словакиялық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін", – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.
Роберт Фицо Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен келіссөздердің қорытындысын жоғары бағалады. Онда кең ауқымды мәселелер талқыланды.
"Біз үлкен қадам жасадық деп ойлаймын. Бүгін жасалған барлық уағдаластықтар тиісті келісімшарттар мен өзара тиімді ынтымақтастықта көрініс табады", – деді Словакия Премьер-министрі.
Айта кетейік, 11 маусым күні Астанадағы Ақорда резиденциясында Словакия Премьер-министрі Роберт Фицоны салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Ол Қазақстанға ресми сапармен келді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!