Айы-күні жетіп қалған Ерке Есмахан желідегі оқырманына жүрекжарды жазба арнады

Жаңа күн

Үшінші сәбиін күтіп жүрген қазақстандық эстрада әншісі Ерке Есмахан желіде жаңа суреттерін жариялап, оқырманына жүрекжарды жазба арнады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Әнші Instagram желісіндегі парақшасында осы жасына дейін қойған барлық мақсатына жеткенін жазды.

"Міне, Аллаға шүкір, арманым орындалған жанмын. Өнерде жолым болып, еліме еркелеп жүрген әншімін. Сүйіктімнің сүйіктісі, шаңырағымыз сәбилердің күлкісіне толған ата-ана, жанұямыз. Аллаға сансыз шүкір айтамын!

Жүрек тыныштығымен, жан мен тән үйлесімділігін тапқаны ол менің ақ ниетім мен көп нәрсеге сабырлықпен қарап, тоқтаусыз еңбегімнің жемісі деп білемін", — дейді ол.

Ол желідегі оқырманына өз өміріндегі барлық ғажайып жұғысты болсын деп тіледі.

"Осындай жүрекжарды жазба арнағым келді. Соған қарағанда іңгәләп бөпетайымыздың өмірге келуіне санаулы күндер қалды-ау", — деп топшылады әртіс.

Желі қолданушылары да ақ тілегін жаудырды.

"Балапаныңызды аман-есен бауырыңызға басыңыз, әрбір келіншекке осындай ана бақыты бұйырсын", "Өзіңіз секілді әдемі ханшайым дүниеге келсін", " Алла барлық әйелге бақ берсін!Бақытыңыз еселене берсін", — деп пікір қалдырды олар.