«Сыйлық деп Instagram-да видео жариялаған»: Елге танымал блогер гүлдің ақшасын төлемегені үшін сотталды

Жаңа күн

Атырауда белгілі блогер Рано Нығметоваға қатысты алаяқтық ісі бойынша сот отырысы аяқталды. Сот оны кінәлі деп танып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тергеу анықтағандай, блогер инвестиция көлемін екі есе көбейтіп беремін деп арызданушыдан 30 миллион 250 мың теңге алып, қайтармай қойған.

Одан кейін Нығметова құрбысымен гүлдер дүкенінен 634 мың теңгеге гүл композициясына тапсырыс беріп, ақшасын төлемеген. Әйел бұл гүлдерді сыйлық ретінде алғанын айтып, Instagram желісінде видео жариялаған. Сондай-ақ, әйелдер екінші гүл дүкеніне жалпы сомасы 4 миллион 111 мың теңгеге тағы тоғыз тапсырыс беріп, оның да ақысын төлемеген. Барлық іс-әрекет Нығметованың өтініші бойынша сыбайласының атына жасалған.

Нәтижесінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, артынша тергеу изоляторына ауыстырылды.

Алайда блогер өзіне жала жабылды деп есептейді.

“Айыптау актісі алты рет жасалды, мұның өзі оның құқықтық әлсіздігін көрсетеді. Ешқандай нақты дәлел жоқ. Менің есімім сотталған қылмыскердің қасына жай ғана қосылып кеткен. Сонымен қатар, актіде көрсетілген күндер мен орындар шындыққа сәйкес келмейді. Мен ол күндері көрсетілген мекенжайларда болмағанмын, бұл геолокация және басқа да дәлелдермен расталады. Сот менің геолокациямды, алибимді және қорғаушының дәлелдерін ескермеді. Ыңғайлы болғаны үшін мен кінәлі болдым”, – деп жазды ол.