Лос-Анджелестегі бүлік басылмай тұр

Жаңа күн

Лос-Анджелестегі бүлікті басу үшін Дональд Трамп Ұлттық гвардиядан тағы 2 мың әскерді жұмылдыруды жоспарлап отыр. Алайда Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсом бұл заңға қайшы әрекет екенін айтып, АҚШ президенті мен Пентагон басшысын сотқа берді. Ереже бойынша федералды үкімет мұндай шешімді тек штат билігімен келісіп барып қабылдауы керек. Бірақ Федералды үкіметтің әрекетінен жағдай ушығып, демонстрациялар да тоқтамай, бесінші күнге ұласып жатыр.

Қазіргі таңда Лос-Анжелестегі иммиграциялық тексеру офицерлеріне қарсы наразылықтар АҚШ-тың өзге де қалаларына тарап жатыр. Нью-Йорк, Санта-Ана, Сан-Франциско, Атлант, Луисвиль, Кентукки, Даллас секілді қалаларда шерушілер көбейіп, полицияға қарсылық көрсетіп, тәртіп бұзғандар тұтқындалып жатыр. Ең ірі наразылық шаралары Лос-Анджелесте өтіп жатыр. Құзырлы органдар оларды басу үшін су шашып, көз жасаурататын газ бен резеңке оқтар қолданып жатыр. Ішкі қауіпсіздік департаментінің хатшысы Кристи Ноем шерушілердің арасында ақша үшін қасақана тәртіпсіздіктерге барып жатқандар бар деп хабарлады. Жағдайдың ушығуына байланысты федерларды үкімет штатқа әскер жіберуін еселеді. Лос-Анджелес полициясына қаладағы жағдайды тұрақтандыруға көмек ретінде 700 теңіз жаяу жауынгері мен 2000 ұлттық гвардия сарбазы енгізілген. Алдағы күндері тағы 2 мың әскери аттандырылмақ.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Лос-Анджелесте болып жатқан кейбір жайттарды оқып-біліп жатырсыздар. Абырой болғанда, біз Ұлттық гвардияны жібердік. Олар шынымен де ондағы көптеген мәселені шешуге көмектесті. Жергілікті билік қол қусырып, қорқып отырды. Әскерімізге алғысым зор. Ал губернаторға келер болсақ, ол өте қабілетсіз маман. Калифорнияда жасап жатқан ісіне қараңыздаршы. Ол біздің ұлы штаттарымыздың бірін құрдымға жіберіп жатыр. Егер мен араласпағанда, егер біз гвардияны жібермегенімізде біз тағы да қосымша күш жіберуге мәжбүр болар едік. Өйткені елде тәртіп пен қауіпсіздік болуы тиіс.

«Трамптың Лос-Анджелеске тағы 2000 Ұлттық гвардия сарбазын жіберіп жатқаны жайлы жаңа ғана хабар алдым. Ал алғашқы 2000 сарбаз ше? Олардың көбі әлі де іске қосылған жоқ. Шамамен 300-і ғана көшеге шыққан, қалғандары бұйрықсыз күйде федералдық ғимараттарда отыр. Тамақ та, су да берілмеген. Бұл әрекеттің қоғамдық қауіпсіздікке қатысы шамалы. Мұның бәрі өзін күшті етіп көрсеткісі келетін, аса қауіпті президенттің амбициясын қанағаттандыру үшін жасалып отыр. Бұл жауапсыз әрі мағынасыз қадам және мұны біздің сарбаздарға деген құрметсіздік деп білемін» — Гэвин Ньюсом, Калифорния штаты губернаторы.

АҚШ кодексінің 10-тарауы, 12 406-бөлімі деп аталатын заң шетелдік басқыншылық немесе көтеріліс кезінде ғана қолданылуы тиіс. Бүлік шығып, тәртіпсіздікке ұласып жатқаны рас. «Бірақ жағдай тек Трамптың шешімінен кейін ушықты», – дейді Калифорнияның бас прокуроры Роб Бонта. Ол: «Президент шешімді губернатормен келіспей қабылдағандықтан заңсыз», – деп отыр. Сондықтан Ақ үй басшысының Ұлттық гвардияны федералдық басқаруға алып, оларды Лос-Анджелеске жіберу туралы бұйрығы заңсыз болғанын сот арқылы ресми түрде дәледеуге күш самақ.

Роб Бонта, Калифорния штатының бас прокуроры:

- Калифорния губернаторы қажет болған жағдайда Ұлттық гвардияны қалай шақыру керектігін жақсы біледі. Ол мұны Лос-Анджелестегі өрт кезінде де істеген, 2020 жылдың жазында Калифорниядағы наразылықтар кезінде де қолданған. Яғни бұл губернатор Ньюсомның егемен құқығына жататын шешім. Ол бұл жолы Ұлттық гвардияны қолдануға рұқсат берген жоқ, сұратқан да жоқ. Кешегі түстен кейін губернатор Ньюсом Пит Хегсетке ресми хат жолдап, Қорғаныс министрінің бұл әрекетті тоқтатып, сарбаздарды губернатордың қарамағына қайтаруын сұрады. Бұл өтініш елеусіз қалды. Біз президенттің билігін асыра пайдаланып, Калифорния Ұлттық гвардиясын заңсыз жұмылдыруын қатаң айыптаймыз.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ президентінің елдегі тәртіпсіздіктерді басуға федералды жасақты қолдануы 1965 жылдан бері алғаш рет болып тұр. Ол кезде президент Линдон Джонсон Алабама штатындағы афроамерикалық азаматтардың сайлау құқығын қорғау жөніндегі көтерілістерде шерушілерді қорғау үшін дәл осылай Ұлттық гвардия әскері Сельма аралына енгізілген еді. Енді тура 60 жылдан кейін президенттің осындай пәрмені тағы да қайталанып отыр. Бұл бұйрық мақсатына жете ме, жоқ па – нәтиже осы аптаның еншісінде.

Авторы: Ердана Ержанұлы