Алматы халықаралық әуежайының баспасөз қызметі кепілден құтқарылған қызметкерге қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Осы оқиғадан зардап шеккен әуежай қызметкеріне келсек, Алматы халықаралық әуежайы оған психолог шақыртты және алдағы уақытта барлық қажетті көмекті көрсететін болады", — деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметінде.
Еске сала кетейік, бүгін, 7 наурызда Алматыда ер адам әуежай қызметкерін шашынан ұстап, пышақпен қорқытқаны хабарланған болатын. Әуежайдың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 7 минуттан кейін құқық бұзушыдан полиция қызметкерлері мен әуежайдағы азаматтардың көмегімен суық қаруы алынды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев күдіктінің суық қаруын тартып алып, ұстауға көмектескен ер адамның батылдығын ерекше атап өтіп, аталған азаматты мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.
Кейін "Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов Instagram желісінде видео бөлісіп, әуежайда жұмыс істейтін қызды құтқарған ер адам ағасы екенін айтты.
Алматы әуежайының қызметкерін құтқарып, оны кепілге алған ер адамды ұстауға көмектескен Мұса Әбдірайым оқыс жағдайдың қалай болғанын айтып берді.