Экологиялық акция жалғасады

Жаңа күн

«Qazaqstan» ұлттық арнасында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай, «Таза Қазақ­стан – таза болашақ» атты республикалық телемарафон өтті.

Ауқымды ақпараттық жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаевтың бастамасымен қол­ға алынған «Таза Қазақстан» эколо­гиялық акциясын кеңінен насихаттауға бағытталған. Теле­марафон барысында еліміздің түкпір-түкпірінде қолға алын­ған экологиялық жобалар, ерікті­лер­дің үлесі, қоршаған ортаны қор­ғау­ға бағытталған мемлекеттік бағ­дар­ламалар мен азаматтық қо­ғам өкіл­дерінің бастамалары қамтылды.

Есіл өзенінің жағасындағы көш­пелі студиядан хабар таратылып, өңірлер мен шетелден тілшілер тікелей эфирге шықты. Сондай-ақ белгілі экологтер, табиғат жана­шыр­лары мен сала мамандары пі­кір біл­діріп, қоршаған ортаны сақ­таудың маңыздылығына тоқталды.

Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Ны­санбаев тікелей эфирде «Таза Қазақстан» жобасы аясында ат­қарылған жұмыс жөнінде сұхбат берді. Ол экологиялық акцияның елді біріктірген бірегей бастама екенін ерекше атап өтті. Бүгінге дейін «Таза Қазақстан» акциясына 1,4 миллионнан астам адам қатысса, оның басым көпшілігі – жастар.

«Киелі мекен», «Киелі жер», «Кие­лі өлке», «Мөлдір бұлақ» сияқ­ты игі бастамалар тек елді бі­ріктіріп қана қоймай, патриоттық сезімді күшейте түсті. «Таза Қа­зақ­стан» акциясы науқандық, болмаса маусымдық қана шара емес. Ағаш отырғызу, аулаларды тазалау, көлдерді тазалау сияқ­ты жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Экоакцияға қариялар, тіпті бал­дырғандар да белсене атсалысты», деді министр Ерлан Нұралыұлы.

Сенат депутаты Жанна Аса­нова «Таза Қазақстан» акциясы қоғам үшін қашанда маңызды әрі дұрыс бағыт екенін баса айтты.

«Экология – әлемдегі өзекті мәселенің бірі. Шешімін табу қиын­ға соғып отыр. Қоқыс мәселе­сінің ушығуына бірден бір себеп – құрылыс саласындағы жүйесіздік. Жаңа нысандар салып жатқан кә­сіп­керлердің экологиялық жауап­кер­шілікті сезінудегі түйсігі тым тө­мен. Құрылыс кезінде әртүр­лі жан­ғыш әрі зиянды қалдық­тар көп­теп шығарылады. Талап бұз­ған­­дар­ға айыппұл салынса да, жағ­­дай мәз емес. Сондықтан «Таза Қазақ­­стан» акциясының жариялануы – өте орынды бастама», деді сенатор.

Бұдан бөлек, тікелей эфирде Іле-Алатауы ұлттық паркі аума­ғын, Каспий теңізінің, Балықтыкөл, Зеренді, Көлсай көлдерінің жаға­сын тазарту жұмысы туралы арнайы материалдар көрермен назарына ұсынылды. Қызылорда облысы Қазалы ауданында аумағы 19 га болатын аллея мен Атырауда Жайық жағасындағы саябақ­тың, Алматыда «Жасыл ел» еңбек жаса­ғының кезекті маусымының ашылуы тікелей эфирде көрсетілді.

Игі іс-шара барысында эколо­гиялық маңызды мәселелер кө­те­ріліп, өзекті тақырыптарға қа­тысты сұхбаттар жүргізілді. Оның ішінде Каспийдің жағасын­дағы бес мем­лекеттің теңіздің экологиясын жақсарту тұрғы­сында қабылдап жатқан шаралары, Қазақстан мен Дағыстан маман­дарының су айдынының тартылуын бірлесіп зерттеуі жөніндегі тақырыптар қамтылды.

Ел аумағындағы «Таза Қазақ­стан» жобасы шеңберінде қоқыстан тазарту, сенбілік жұмыстарынан бөлек, көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға дейін орман алқаптарына 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырды. Бүгінде орман алқаптарына 1 млрд 369 млн, елді мекендерге

15,7 млн түп ағаш егілген. Көш­пелі сту­дияға сұхбат берген Эко­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нис­тр­лігінің басқарма басшысы Аз­амат Әбуов келешекте де көшет егу қарқынды жүргізілетінін айтты.

Тікелей эфирдегі телемарафон «Ашық алаң» бағдарламасының «Экологиялық мәдениет» тақыры­бымен қорытындыланды. Спикер­лер қоғамдағы экомәдениетті қа­лы­п­тастыру жөнінде ой өрбіт­ті. Оның ішінде қоқысты сұ­рып­тау, қайта өңдеу орындарын ашу мәселелері көтерілді. «Жа­сыл даму» АҚ бүгінге дейін 366 млрд теңгені құрайтын 64 инвес­тициялық жобаны бекіткен. Бұл қаражат қайта өңдеу зауыттарын салу, сұрыптау орындарын ашуға бөлінеді. Телемарафон барысында сұхбат берген «Жасыл даму» АҚ төрағасының орынбасары Данияр Досымбеков негізгі басым бағыттарға тоқталды.

«Жасыл даму» АҚ – мемле­кет­­тік ұйым. Экологиялық ко­декс­те көзделген 15 бағытқа қар­­жы жұмсайды. Үкіметтің инвес­ти­ция­лық штабы арқылы қазірде 64 жоба бекітілген», деді Д.Досымбеков.

Республикалық телемарафон аясында экологиялық акция­лар­ды қолдау, қоршаған ортаны қорғау мәселесі жан-жақты тал­қыланды. Спикерлер табиғатты аялау, қорғау, экомәдениетті қалып­тастырудың маңыздылығын әр қы­рынан қозғап, қашанда жұмыла көтерсе, жүк жеңіл соға­тынын баса айтты.