Бүгін Ақорда кулуарында Астана әкімі журналистерге автобус апаты салдарынан аяғынан айырылған қыздың отбасына әкімдік баспана беретінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Журналистер әкімнен зардап шеккен баланың отбасына, атап айтқанда анасына қандай көмек беріліп жатқанын сұрады.
"Ол жалғызбасты, көп балалы ана, оған әкімдік тарапынан қандай көмек көрсетілді? Желіде қызу талқыланып, жұрт сізге сын айтып жатыр. Неге оларға бармадыңыз, неге олардан ешкім кешірім сұрамады?" — деген сұрақ қойылды әкімге.
Бұған жауап ретінде Жеңіс Қасымбек баланың анасына елорда әкімдігінің қызметкерлері бірнеше рет барғанын айтты. Кеше өзі барған, бүгін түстен кейін орынбасары барады.
"Көмекке келетін болсақ, сақтандыру шамамен 20 млн теңге, әкімдік 10 млн теңге берді, тағы 10 млн қосымша беруді жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй мәселесін де шешеміз. Бұл туралы қазір ресми түрде айтып жатырмыз — бұл отбасын баспанамен қамтамасыз етеміз", — деді әкім.