Алматыда 280 мың оқушы жазғы лагерьге барады

Жаңа күн

Биыл Алматыдағы мектеп жанындағы демалыс лагерьлері ерекше жұмыс жүйесіне көшті, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен, «Этно City» лагерінде балалар жент пен құрт жасап үйренеді. Оған қоса қолөнер бұйымдарын тігуге машықтанады.

Сонымен қатар ханталапай, асық ату, күрес сияқты ұлттық ойындардың қыр-сырына қанығады. Қалалық білім басқармасы мамандарының айтуынша, жазда 280 мың бала лагерьге барады. Бұл мегополистегі мектеп оқушыларының 96%-і. Әр демалыс орнының өзіндік бағыты бар. Бала талабына қарай робототехниканы немесе домбыра, жетіген, баян сияқты музыкалық аспаптарды үйрететін саланы таңдай алады. Спорт, шығармашылық, экологиялық этномәдениет, IT және патриоттық тәрбиеге бағытталған лагерьлер де бар. Жақында қала сыртындағы лагерьлер жұмысын бастайды. Қазір ұйымдастыру шаралары жүріп жатыр.

Марат Тәжібаев, қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 216 мектептің 200-інде осындай демалыс лагерьлері ашылды. 55 мың бала лагерьде тамақтанады. Келесі маусымда мектептің қасындағы лагерьлерде 180 мыңнан аса бала демалады. Еңбек лагері дейді. 8-сыныптан бастап жаз бойы мектептің есігі жабылмай, балалалар осында келіп, әрқашан да өзерінің талабына қарай жұмыстарын істей береді.