Ақтөбеде ескі қалада орналасқан "Ретро-парк" жеке меншіктен мемлекет меншігіне өтетін болды. "Локомотив" кинотеатрының артындағы осы парк 20 жылдан астам уақыт бойы "Рика" медиа-компаниясының меншігінде болып келді. Қала әкімі Азамат Бекеттің ұсынысынан кейін медиа-компания басшысы Наталья Бандровская "Ретро-паркті" қалаға қайтару туралы шешім қабылдады.
Тұрғындар тарапынан саяқбақтың күтімсіз тұрғаны, жаңғыртуды қажет ететіні жөнінде өтініштер, арыз-шағымдар түсті. Осыны ескеріп қала әкімі Наталья Бандровскаямен кездесу барысында “Ретро-саябақты” қалаға қайтару мәселесін талқылады.

"Бұл саябақ 2 гектар аумақты алып жатыр. Бір кездері 49 жылға жалға алған болатынмын. 20 жыл бойы ішін абаттандырып, күтіп-ұстап келдім. Қазір уақыт өзгерді, тұрғындардың талап-талғамы артты. Бұдан былай саябақты күтіп-ұстай алмаймын, себебі, жаңғырту көп қаражатты, көп күшті қажет етеді. Сондықтан қалаға қайтарып бергенді жөн көріп отырмын. Біздің жағдайымызға бей-жай қарамай, тұрғындар үшін саябақты жаңартып беруді қолға алып жатқан қала әкіміне алғысымды білдіремін", — деді Наталья Бандровская.

Саябақтың қазіргі жағдайы расында мәз емес. Бүгін қала әкімдігі тазалық жұмыстарын ұйымдастырды.
"Саябақты абаттандырып, биыл демеушілік есебінен ішіне балалардың ойын алаңы, футбол алаңы, жаңа орындықтар, урналар, жарық шамдар орнатылатын болады. Ескі қаладағы бұл саябақ Ақтөбенің байырғы тұрғындары үшін ыстық. Сондықтан, жаңғырту жұмыстары кезінде "Ретро-саябақтың" атауына сәйкес тарихи мазмұны сақталады", — деді Азамат Бекет.

Бүгін қала жастары, "Жастар рухы" жастар қанатының мүшелері бар 60-қа жуық адам "Таза Қазақстан" акциясы аясында "Таза бейсенбі" шарасын ұйымдастырды. Саябақ ішін сыпырып, қоқысын, қурап құлаған бұтақтарын шығарды.

Айта кету керек, Ақтөбеде кәсіпкерлер, ірі кәсіпорындар қала әкімінің үндеуін қабылдап, демеушілік есебінен парктер мен скверлерді жаңартуға және бос жатқан аумақтарды абаттандыруға үлес қосып жатыр.