Ақтауда «Dosti Skills Aktau» халықаралық чемпионаты өтіп жатыр

Жаңа күн

Ақтауда «Dosti Skills Aktau» чемпионатының екінші күні өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Халықаралық байқау «Жұмысшы мамандықтар жылына» орайластырылған. Австрия , Сауд Арабиясы, Қытай және Ресейден келген 40 студент «Электроника», «Автономды мобильді робототехника» және «Прототиптерді модельдеу» құзыреттілігі бойынша кәсіби біліктігін көрсетеді. Олардың жұмысын жаһандық дәрежедегі сарапшылар саралайды. Жеңімпаздар келер жылы Шанхайда өтетін сайыста өз елінің намысын қорғайды.

Димитрий Калаев, ұйымдастыру алқасының өкілі:

- Чемпионаттың қазақстандық студенттерге берері мол. Біріншіден, олар мол тәжірибе жинайды. Байқау өтіп жатқан ғимаратта жұмысшы мамандықтар талабына сәйкес келетін 3 алаңқай жасалды. Оған кірген сәттен бастап әр командаға ортақ тапсырма жүктеледі. Ең бастысы студенттердің жұмысында жаңашылдықтың болуына мән беріледі. Осылайша келешек инженерлердің жаңа толқынын қалыптастыру жоспарланып отыр.