Сенат төрағасы Словения Президентімен кездесті

Жаңа күн

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен кездесті. Сұхбат кезінде тараптар екі елдің ынтымақтастығына қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ парламентаралық байланысты нығайту барысы әңгімеге арқау болды.

Палата спикері Словения Қазақ­станның Еуропалық одақ­тағы сенімді және маңызды серіктес­терінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев парламентаралық деңгейде, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясында өзара іс-қимылды одан әрі арттырудың маңызды екенін айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен нәтижелі және мазмұнды кездесу өткіздіңіздер. Білім беру, туризм, сауда-эконо­микалық қатынастар саласында бірқатар маңызды құжат­қа қол қойылды. Сенат қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асыру үшін өз тарапынан қажетті жұмыстарды жүргізуге дайын. Екіжақты қарым-қатынасты дамыту жолында парламентаралық байланыстар да үлкен рөл атқа­рады. Біздің Парламенттің екі палатасында да Словениямен достық топтары жұмыс істейді. Словения Парламентінде де осындай құрылым құру екіжақты өзара іс-қимылды тереңдетіп, өзара серіктестігімізді арттыруға өз ықпалын тигізер еді. Біз Словения Парламентімен ынтымақтастық­ты кеңейтуге және нығайтуға мүдделіміз», деді М.Әшімбаев.

Кездесу барысында халықара­лық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Бұған қоса іскерлік байланыстарды ілгерілетуге, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегіне, сондай-ақ орнықты дамуға, экологияға және экожүйе­лерді қорғауға баса мән берілді.

Сенат спикері өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған реформаларды жүзеге асыру жолында палата атқарып келе жатқан заңнамалық жұмысқа да тоқталды. Оның ішінде елдің саяси жүйесін демократияландыру жөніндегі шаралар және адам құқықтары мен гендерлік теңдікті қорғау саласын нығайтуды көздейтін жаңа бастамалар бар.

Палата төрағасы Әлем­дік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­лары Съезінің қызметіне де назар аударып, Словения­ның дін қай­раткерлерін 2025 жылғы 17-18 қыр­күйекте Астанада өтетін «Діндер диалогі: болашақ жолын­дағы синергия» атты VIII Съезге шақырды.

Өз кезегінде Словения Прези­денті Қазақстанда жүргізіліп жат­қан қоғамдық-саяси өзгеріс­терді жоғары бағалады және екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға практикалық тұрғыдан ықпал етуге дайын екенін жеткізді.