Қазаққа жиі алғыс айтатын этностың бірі – кәріс. Өйткені жергілікті тұрғындар 1937 жылы Қиыр Шығыстан депортацияланған оларды кеудеден итермей , бауырына басты. Қазір Атырау облысында қиырдан жер аударылған этностың 3 мыңға жуық өкілі бар.
«Тхониль» этномәдени орталығының жетекшісі Людмила Лидің айтуына қарағанда, 88 жылдың ішінде бірнеше буын өмірге келген. Қариялар бақиға озып, олардың игілікті ісін, әсіресе қазақ халқына құрметін жастар жалғастырып келеді. Кәрістер этномәдени орталықтың түрлі іс-шарасында бас қосады. Ана тілінде ән айтып, ұлттық құндылықтарға қатысты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды дәріптейді.
«Этномәдени орталықтың бастауында Қазақстанның құрметті құрылысшысы Алексей Тен, Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерінің иегері, егін суарушы Огай Но-Ок, физика-математика ғылымдарының докторы, академик Иван Пак секілді елімізге танымал аға буын өкілдері тұр. Орталықтың алғашқы жетекшісі Надежда Ким кәрістерді біріктіріп, белсенді мүшелерден кеңес құрды. Арнайы делегацияның құрамында Оңтүстік және Солтүстік Корея елдеріне сапарлап келді. Кейін Мария Өтебаева-Цой апайымыз басқарған жылдары орталығымыз елімізге кеңінен танылды», дейді Людмила Ли.
Оның айтуынша, қазір орталықта ақсақалдар кеңесі бар. «Саранг» ақсақалдар хоры, қазақ және кәріс тілін оқытатын тобының, К-рор және бишілер тобының мүшелері барлық іс-шараға белсене қатысады. Мәселен, «Саранг» хорының құрамындағы 19 әуесқой әнші репертуардағы әр тілдегі 20 әнді орындап жүр. Бұл хор Ақтау, Орал қалалары мен өңірдегі барлық ауданды концерттік бағдарламамен аралады.
«Елімізде түрлі этностың ұлттық салт-дәстүрін, тілі мен өнерін сақтауына, кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттауға баса көңіл бөлініп отыр. Мемлекеттің тарапынан осындай қолдау ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуімізге кең жол ашты. Жыл сайын егін ору аяқталған соң «Чусок» мерекесін өткіземіз. Негізінен этностық мәдениетімізді жаңғыртуға жастардың санасына сіңіруге ұмтылып келеміз», дейді ол.
Л.Лидің пікірінше, кәрістер Алғыс айту күнін асыға күтеді. Өйткені кәрістер бұл күні қазақтың жарты наны мен бір құртын бөліп берген, мейірімділік танытқан кезін еске алады.
«Кәрістер алғаш табан тіреген мекені – Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылы. Бұл ауыл бұрын Чкалов аталған еді. Сол бір қиын кезеңді жадымыздан өшіре алмаймыз. Жастарға қазақ халқының соңғы нанын бөліп беріп, қамқорлық көрсеткенін ұдайы айтып отырамыз. Кәрістердің Қазақстанға жер аударылғанына 85 жыл толуына орай Бейбарыс ауылында «Қазақ халқына мың алғыс» мемориалдық ескерткішін орнаттық. Бұл – біздің қазақ халқына шынайы ризашылығымыздың белгісі. Ескерткіштегі алғысымыз үш тілде – қазақша, кәрісше және орысша жазылған», дейді Л.Ли.
Бейбарыс ауылындағы бір көшеге кәріс этносының өкілі Шин И Хённің есімі берілді. Өйткені ол жаңа мекенде бір бөлмесі бар бастауыш мектепті ашуға себепші болған екен. Кейін осындағы орта мектептің директоры, кейін кеңшардың төрағасы ретінде ауылдың көркеюіне, жергілікті тұрғындар мен кәрістердің достығына дәнекерлік танытты.
«Қазір кәрістер қазақ жерінде өсіп-өніп жатыр. Қазақтан қыз алып, қыз беріскен құда ретінде бірлігі жарасты. Қазақша сөйлейтін қандастарым көп. Мұның бәрі – қазаққа деген сыйластық пен құрметтің көрінісі», дейді Людмила Ли.
Атырау облысы