Алматы облысының Қарасай ауданында шағын және орта бизнес орындарынан бөлек 18 ірі өндіріс ошағы мен 7 бірдей жүйе құраушы кәсіпорын орналасқан. Соның бірі – Іргелі ауылдық округі аумағында тұтынушыларды табиғи әрі құнарлы тағамдарымен қамтамасыз етіп отырған «Tengri milk» ЖШС. Сауда-өндірістік компаниясы бір жағынан еліміздегі ешкі өсіруге арналған ірі асыл тұқымды шаруашылық болса, екінші жағынан сүттің екі түрін, яғни ешкі мен сиыр сүтін өңдейтін ірі кәсіпорын саналады.
Бір айта кетерлігі, «Tengri milk» – еліміз нарығында 1996 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Agroholding Dinara Group» ЖШС-на еншілес кәсіпорын. Алғашында оның негізгі бағыты сиыр етін өндіру болған. Уақыт өте келе сүт саласына да назар аударылып, оны дамыту бағытында жұмыс жүргізіле бастады. Бастапқыда сүт сатумен айналысып, кейіннен оны өңдеп, одан өнім алуды жолға қойды.
– Табиғи таза әрі пайдалы өнім шығару идеясын іске асыруға алдымен Іргелі ауылдық округінен аумағы жеті гектарлық кешенді сатып алдық. Ешкі сүті және ірімшік өндірумен айналысқан «Зеренді» компаниясынан біршама асыл тұқымды ешкі алдық. Сөйтіп 2022 жылғы қарашада біздің серіктестік өз жұмысын бастады. Біртіндеп ешкі фермасын сүт өңдеу зауытымен біріктірдік. Осылайша ірі агроөнеркәсіп кешені құрылды.
Ешкі сүті өзімізде, ал сиыр сүтін Талғар ауданында орналасқан асыл тұқымды сиырға маманданған шаруашылықтан аламыз. Ол «Dinara Group» агрохолдингінің құрамына кіреді. Қажет жемшөппен де «Dinara Group» агрохолдингінің еншілес кәсіпорны қамтамасыз етеді. Оның қызметкерлері қазірдің өзінде жер жыртып, егін егіп, дәнді және мал азықтық дақылдарды өсіріп, шөп пен сүрлем дайындайды. Жалпы, аталған серіктестікте қажетті құрал-жабдықтар, элеватор, астық сақтайтын қойма бар, дейді «Tengri milk» ЖШС-ның директоры Жазира Шаяхмет.
Байқағанымыздай, бәрін жан-жақты жақсы ойластырып, әр істі тиянақты жоспарлап жасаған агрохолдингтің арқасында оған қарасты кәсіпорындардың жұмысы жүйелі түрде жүзеге асып, оң нәтижесін беріп отыр. Бүгінде «Fresh house» брендімен еш қоспасыз таза өнім шығарып жатқан «Tengri milk» ЖШС соның дәлелі.
«Tengri milk» серіктестігінде сүт өнімдерінің 30-дан астам түрі шығарылады. Бұл – сиыр мен ешкі сүтінен жасалатын айран, қаймақ, сүзбе, май, құрт. Сондай-ақ мұнда көптеген бала сүйсіне отырып ішетін шоколадты сүт пен май да бар. Оларды жасауға сапалы бразилиялық какао қолданылады. Бал қосылған ешкі сүтінен дайындалатын майды ерекше атауға болады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, аталған өнімнің емдік қасиеті бар, әсіресе ол бронхы мен өкпе жүйесінің ауруларын емдеуге өте пайдалы. Компания жақында жаңа табиғи йогурттардың дайындау тәсілін әзірледі. Әзірге төрт түрі бар – үшеуі сиыр сүтінен, біреуі жарма қосындысы бар ешкі сүтінен. Қазірде сатылымға дайындалып жатыр.
Кешен аумағында қымбат әрі сапалы құрал-жабдықтармен, жеке зертханамен жабдықталған үлкен өндірістік цех орналасқан. Жақсы итальяндық жабдықтар өнімнің жоғарғы сапасын, арнайы зертхана мамандары өнімдердің ересектер мен балалар денсаулығына пайдалы дәрумендердің экологиялық таза болуын қамтамасыз етеді.
– Біздің өнімдеріміздің ерекшелігі – оның табиғилығында, яғни ешқандай концентрат пен өзге де қоспалары жоқ. Сондықтан оның сақтау мерзімі өте қысқа. Бұған қоса нарықта таза ешкі сүтінен арнайы жасалған сүт өнімдерін табу қиын.
Жалпы, сүтті өңдеу үдерісі айтарлықтай еңбекті қажет етеді. Алғашқы кезеңде сүт өнімдерінің 11 түрін шығарсақ, қазір 30-дан астам. Ең танымал, сұранысқа ие өніміміз – құрт. Ол өте нәзік, жұмсақ, бай табиғи дәмі бар. Тұтынушыларымыз оны Швеция, Швейцария секілді шетелдерге сыйлық ретінде алып кетеді.
Әрбір жаңа өнімді алдымен сынақтан өткіземіз. Рецептің технология мен сапа стандарттарына сай болуын қатаң қадағалаймыз. Кәсіпорын жұмысын бір жүйеге келтіріп, толық қуатқа шыққанда ешкі мен сиыр сүтін қоса есептегенде, тәулігіне бес тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарлы болады, – дейді Жазира Бейісбайқызы.
Қазіргі таңда кәсіпорындағы шаруа қожалығында заанен мен альпі тұқымды 1500-ге жуық ешкі бар. Жазира Шаяхметтің айтуынша, бұл ешкілердің ерекшелігі – сүттілігінде. Жүні тегіс болып келетін ешкілер суықты аса ұнатпайтындықтан, оларды ұстайтын температура үнемі +8 ° C деңгейінде сақталуы қажет.
Ешкілер күніне екі рет – таңғы сағат 7-де және кешкі 5-те сауылады. Бір мезгілде 72 малдан сүт алынады. Оларға екі сауыншы мен бір мал дәрігері қарайды. Компанияның зертхана мамандары да үлкен рөл атқарады. Олар сүтті бірнеше рет тексеріп, майлылығын, микробтар мен бактериялардың бар-жоғын анықтайды. Сапасына көз жеткізген соң ғана өңдеуге жібереді.
Жалпы, кәсіпорында 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Оның 90 пайызы – жергілікті тұрғындар. Қызметкерлердің жартысы фермада, жартысы сүт өңдеу цехында жұмыс істейді.
Бүгінде жұмысшылар алдағы төлдеу маусымына дайындалып жатыр. Төлдеу кезеңінде мамандар тәулік бойы шаруашылықта кезекшілік жасайды. Бұл үдеріс күрделі, сонымен бірге қуанышқа толы. Себебі төлдеу маусымында мал басы көбейіп, өнім көлемі артып, кәсіпорын одан әрі дамитын болады.
«Fresh house» сауда белгісімен «Tengri milk» сүт компаниясының өнімдері тек елімізде сатылғанымен, оны экспортқа жіберу мәселесі де пысықталып жатыр. Сонымен қатар алдағы жоспарда асыл тұқымды ешкі басын көбейту арқылы сүт өңдеу көлемін де арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте шығарылатын өнімнің түрі кеңейіп, қосымша жұмыс орындары ашылады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы