Бала мүмкіндігін шыңдайды

Жаңа күн

Президент тапсырмасымен Екібастұзда ашылған «Самғау» балалар шығар­ма­шылығы орталығы қала балаларына шығармашылық қабілеттерін дамы­туға ерекше мүмкіндіктер ұсынады. Орталық 9 мыңнан астам жас талант­ты, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды да қабылдай алады.

«Самғау» орталығында түрлі шеберлік сабақтары мен шығармашылық дәрістер өткізетін 50-ден астам білікті педагог жұ­мыс істейді. Орталық Екібастұз қаласы ба­ла­ла­ры­ның 70%-на дейін қосымша білім­мен қам­тып, олардың қабілеттерін ашып, шы­ғар­ма­шылық әлеуетін жүзеге асыруға көмек­теседі.

Бірінші қабатта би және театр залдары, сондай-ақ жеке музыка дәрістеріне арналған бөлмелер мен 275 орындық көрермен залы орналасқан. Балалар хореографиямен, театр өнерімен, вокалмен, аспапта орындау шебер­лігімен айналыса алады.

Екінші қабатта биология зертханасы, ландшафтық архитектура мен флорис­ти­калық дизайн студиялары, дебат, медиа орталықтар, сондай-ақ fashion-сту­дия бар. Үшінші қабат толығымен IT-техно­ло­гия­ларға арналған: мұнда роботтехника мен компьютерлік модельдеу клубтары орна­лас­қан.

Сонымен қатар Орталықта психоло­гия­лық-педагогикалық қолдау кабинеттері, үстел теннисі аймақтары, жаттығу залы бар.