Биыл елдегі қос бірдей іргелі өнер ұжымы мерейтойын атап өтеді, деп хабарлайды 24KZ. Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының құрылғанына 90 жыл болса, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 70 жылдығы.
Атаулы датаға өнер ордаларында қызу дайындық жүрді. Мәдениет және ақпарат министрлігің қолдауымен бірқатар іс-шара жоспарланған. Маусым айында Төлепберген Әбдірашев атындағы симфониялық оркестр фестиваль шымылдығын түреді. Тыңдарман Испания, Бельгиядан келген мәдениет майталмандарының өнеріне қанығуға мүмкіндік алады. Ал қараша айында барлық ұжымның қатысуымен Республика сарайында гала концерт ұйымдастырылмақ. «Салтанат» ансамбліндегі қыз-жігіттердің де тартуы бар. Мерейтой аясында олар өңір-өңірді аралап, өнерге сусаған көрерменмен қауышады. Ұжым 70-тен астам балет әртісін тоғыстырған. Бұл мың бұралған бишілер, қазақ би өнерінің әсемдігін барша әлемге танытып жүр.
Ақан Әбдуәлиев, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры:
- Жыл басынан бастап «Ұрпақ сабақтастығы» атты Алматы қаласындағы өнер оқу орындарымен бірлескен балаларға арналған концерттер ұйымдастырылады. Мамыр айында Б. Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының ұйымдастыруымен балалар мен жасөспірімдер хор ұжымдарының қатысуымен «Гүл Алматы. Flower city» атты фестиваль-концертін өткізу жоспарланған.
Елубай Кенжалиев, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің директоры:
- Репертуарда Қазақстан халықтары билерінің сан алуан бейнесі мен әлем халықтарының би мәдениетінің алуан түрін қамтыған 160-тан аса би қойлымдарымен толықтырылды. Көптеген концерт Қазақстанда ғана емес, шет елдерде өткізілді. Сондай-ақ ҚХР, АҚШ, Франция, Үндістан, Түркия, Бельгия, Мысыр, Финляндия, Италия, Оңтүстік Корея, басқа да мемлекеттерде және еліміздегі ауқымды шараларда жоғары деңгейде өнер көрсетіп келеді.