Наурыз тойы әлі де жалғасын тауып отыр. Бүгін Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт залында дипломатия өкілдеріне арналған «Наурыз балы» өтті. Ақпарат және мәдениет министрлігінің қолдауымен өткізілген шарада Қазақстанда қызмет атқаратын 100-ге жуық дипломатиялық корпус өкілі, халықаралық ұйым мен компания басшылары қатысты.
Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған мәдени шарада шетелдік меймандарға қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы таныстырылды. Асық ату, ләңгі тебу, алтыбақан сынды ұлттық ойындар мен тұсаукесер рәсімі көрініс тапты. Сондай-ақ фольклорлық қойылымдар қойылып, төл мәдениетіміздің жандануына түрткі болған сазгерлеріміздің бірегей әндері де шырқалды.
Әліби Әбдінұров, «Астана» эстрадалық-симфония оркестрінің дирижері:
- Бүгін Ахмет Жұбановтың әйгілі «Қарлығаш» әні қытай тілінде орындалады. Өзбекстаннан келген меймандарға біз «Ойджон» деген әнді ұсынамыз өзбек тілінде. Міне, осындай жан-жақтан келген қонақтар өз тілінде шығармаларды, әндерін естіп марқайып қалады. Әрине, бағдарламаның негізі – бұл қазақ музыкасының ең үздік шығармалары.
Чжо Тэ-ик, Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі:
- Наурыз – қазақ халқы үшін жаңа жылдың бастауы. Көңілді жадыратар керемет мейрам. Қазақ халқына барлық жақсылықты тілеймін! Наурыз құтты болсын!