Қазақстанда ауыр атлетикадан рейтингілік әлем чемпионаты өтеді

Жаңа күн

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық ауыр атлетика федерациясының (IWF) президенті Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари және Азия ауыр атлетика федерациясының техникалық комитеті төрайымы Ольга Соловьевамен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство мәліметінше, кездесу барысында тараптар Қазақстанда және халықаралық деңгейде ауыр атлетиканы дамыту әлеуетін талқылады. Әсіресе елімізде өтетін ірі турнирлерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, шілде айында ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Сондай-ақ 2028 жылы Лос-Анджелесте алауы тұтанатын Олимпиада ойындарына рейтингілік ұпай беретін әлем чемпионаты да елімізде ұйымдастырылмақ.

Министр Қазақстанда өтетін халықаралық жарыстардың отандық спорт үшін маңызды екенін атап өтті.

Ауыр атлетика – еліміздегі ең танымал әрі жанкүйері көп спорт түрінің бірі. Жанкүйерлердің қолдауы нәтижесінде біздің спортшыларымыз халықаралық ареналарда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының басшылығына бізге сенім артып, елімізде беделді жарыстар өткізу мүмкіндігін бергені үшін алғыс білдіреміз. Өз тарапымыздан, аталған жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастырып, қатысушылар мен қонақтар үшін барлық қажетті жағдайды жасаймыз, – деді Ербол Мырзабосынов.

Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари Қазақстанмен ауыр атлетика спортын дамыту бағытында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Қазақстанның ауыр атлетиканы әлемдік деңгейде насихаттауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесуден кейін Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари мен Ольга Соловьева елордадағы спорттық нысандарды аралап, алдағы жарыстарға дайындық барысымен танысты. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты елдегі ең ірі спорт кешендерінің бірі – Qazaqstan жеңіл атлетика аренасында өтеді.

Айта кетейік, бұл – IWF басшысының соңғы бірнеше айда Қазақстанға жасаған екінші сапары. 2025 жылдың қаңтарында Мұхаммед Хасан Джалуд әл-Шаммари елімізге ресми сапармен келіп, мемлекет басшысының қабылдауында болған еді. Сол кездесуде ауыр атлетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанның осы спорт түріндегі халықаралық ықпалын арттыру мәселелері қарастырылған болатын.