Осы айдың 24-27-сі күндері Наурыз мерекесінің тарихи және мәдени маңызын түсіндіру, әлем жұртшылығына таныстыру мақсатында Еуропаның Финляндия, Эстония, Испания мемлекеттерінде Қызылорда облысының өнер күндері өтеді. Өнер сапарын аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың қолдауымен, Қазақстанның аталған елдердегі елшіліктері ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Айта кетейік, бұған дейін аталған елдерден инвестиция тарту мақсатында кәсіпкерлер арасында кездесулер өткен. Арадағы экономикалық байланыстарды осы мәдени іс-шара бекіте түсті.
Кейінгі жылдары Қызылорда облысының өнер күндері Астана мен Алматыда зор табыспен өтті. Сондай-ақ, Сыр өңірінің шығармашылық ұжымдары Еуропа елдеріне гастрольдік сапармен бірнеше рет барды. Осы жолғы сапардың тағы бір мақсаты – шет елдердегі шығармашылық ұжымдармен тәжірибе алмасу.
Биыл Қызылорда қаласының Қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толды. Осыдан бір ғасыр бұрын Ақмешітте өткен съезде ұлтымыздың «қазақ» атауы қайтарылып, тарихи әділдік орнады. Қаланың аты Қызылорда болып өзгерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы шешімнің қабылданғанының жүз жылдығы тағы бір тарихи белес екенін атап өтті.
«Осыдан бір ғасыр бұрын ұлтымыздың өз атауының оралуы тарихи әділдік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын ашық айтуымыз керек. Мұндай маңызды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын», деді Мемлекет басшысы. Бұл шешімді жұртшылық Қызылорданың қазақ тарихында алар орнына, Сыр өңіріндегі бастамалар мен жаңашылдықтарға берілген жоғары баға деп қабылдады. Осыдан бір ғасыр бұрын қазақтың саяси, ғылыми орталығы болған қалада енді ұлт болашағына, мұратына қатысты шешімдер қабылданады.
Қызылорда облысының Еуропа мемлекеттеріндегі өнер күндерінің алғашқы концерті «NAURYZ – CELEBRATION OF SPRING» атауымен Финляндияның Хельсинки қаласында өтті.
Іс-шараны Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдраимов ашып, сахна төрінен осы мерекелік кешке қолдау білдірген Нұрлыбек Машбекұлына арнайы алғысын жеткізді. Концертті Еуропаның 10 мемлекетіндегі елшілер, елшілік қызметкерлері, Финляндияда тұратын қазақ диаспорасы, студенттер және фин халқы, барлығы 500-ге жуық көрермен тамашалады.
Қазақтың дәстүрлі музыкасы мен ұлттық өнерін ұлықтаған Қызылорда облыстық филармониясы дәстүрлі ән-жырды әуелетті.
Финляндия халқы ғасырдан ғасырға жеткен эпостық жырларын, сәулет және бейнелеу өнері туындыларын мәдени мұра ретінде құрмет тұтады.
Күн мен түннің теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік қайта түлейтін табиғат мерекесіндегі концерттің шымылдығы «Жарапазан» жырымен түрілді. Еуропалық көрерменге қазақтың дәстүрімен шашу шашылып, «Тойбастар» шырқалды. Наурыз-думанға қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары, диаспора мүшелері, отандық және шетелдік студенттер ұлттық музыкамен және дәстүрлермен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.
Ұлттық музыканың ұлы жауһарларын төрткүл дүниеге танытып жүрген «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі (жетекшісі – Нұрғиса Нұрбай), Сыр елінің өнер майталмандары Руслан Ахметов, Шолпан Бимбетова, Самал Байсейтова, Ақмарал Ноғайбаева, Марат Сүгірбай, айтыскер-ақын Мұхтар Ниязов, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Бағдәулет Қарғабаев, Сымбат Тасбергенова, Мағжан Аманжолов, Ақылбек Табынбаев, Тоқтар Ағыраев, Ақнұр Аманбаева, Сәбит Ділдабаев, Алмас Әлжанов, Заманбек Нысанбаев, Арман Төлеш қатысып, өнер көрсетті.
Гастрольдік сапар аясында көрерменге концерттік бағдарламалармен қатар, қазақтың ұлттық тағамдары мен ұлттық нақышта жасалған сый-сияпаты ұсынылды. Жұртшылық таным мен тағылымға толы кеш сыйлағаны үшін сыр өнерпаздарына алғыс білдірді.