Қызылорда облысында төрт түлікті індетке қарсы егу жұмыстары басталды

Жаңа күн

Қызылорда облысында төрт түлікті 13 түрлі қауіпті жұқпалы дертке қарсы егу жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ. «Бұл шара ет өнімдерін экспорттау үшін маңызды», – дейді мамандар. Өйткені 2011 жылы аусыл індетінің таралуына байланысты Қызылорда буферлік аймаққа енген еді. Сол кезде мал мен етті сыртқа шығаруға тыйым салынды. Бұл экспорттық шектеу алты жылдан кейін алынды. Қазіргі уақытта эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында ветеринария қызметінің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Биыл өңірде құтырма, сібір жарасы, аусыл секілді аса қауіпті инфекцияға қарсы 6 миллион 300 мың доза вакцина сатып алынды. Ақпан айынан бастап төрт түліктің жай-күйі сараланып, екпе салына бастады. Бұл жұмыстар Қазалы ауданында да жалғасып жатыр. Мамандар бірінші кезекте тауарлы сүт фермасында асыл тұқымды сиырларға вакцина салды.

Серік Омаров, ветеринариялық бекет жетекшісі:

- Бүгінгі таңда осы 1856 бас ірі қараға аусыл вакцинасы жүргізіледі және сарып ауруына қан сынамалары алып тексеріліп жатыр. Эпизоотиялық ахуал тұрақты, ешқандай ауру-сырқау жоқ.

Төрт түлікті түрлі жұқпалы аурудан қорғау ауыл шаруашылығы өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Сыр өңірінде малды 13 аса қауіпті инфекцияға қарсы вакциналау жоспарланып отыр. «Бұл жұмыстарды тиімді атқару үшін саланың материалдық-техникалық базасы да нығайлтылды», – дейді мамандар.

Шахмардан Қойшыбаев, ветеринария басқармасының басшысы:

- Соңғы үш жылда 682 млн теңгеге бірінші кезекте жұмыс жасайтын мамандардың 163 компьютер, 163 термочемодан алып берді. Бұл өз кезегінде мамандардың ИСЖ базасымен жұмыс жасауын қамтамасыз етеді және дәрі-дәрмекті талапқа сәйкес алып жүруін қамтамасыз етеді.

Өңірдегі ветеринария саласының автопаркі биыл 52%-ке дейін жаңарды. Сонымен қатар шалғай ауылдардағы 19 ветеринариялық бекет ғимараты жөндеуден өтті. Биыл тағы 10 нысан салу жоспарланған.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбат Байділдаев