Сонымен бірге алаяқтар ұжымдық қауіпсіздік ұйымының атынан алдауға үйреніпті.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) елдерінде ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға төтеп беруге бағытталған, тұрақты түрде әрекет ететін "Прокси" атты операция жүріп жатыр.
Қазіргі кезде ҰҚШҰ әскери блогына Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения кіреді. Алайда Армения бұл ұйымның іс-шараларына қатысуды доғарды.
Сонымен бірге ұйымның дерегінше, 1999 жылы ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушылар құрамынан Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан шығып кеткен. Осылайша, қазіргі кезде тұрақты операцияға негізінен 5 ел белсенді қатысуда.
"Прокси" операциясы туралы ҰҚШҰ хатшылығының отырысында айтылды. Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмысқа қарсы тұру шараларына арналған Мәскеудегі шағын саммитке ұйымның Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов емес, Бас хатшының орынбасары Валерий Семериков төрағалық етіп, жүргізді.
Жиынға операцияны жүргізу жөніндегі мүше мемлекеттердің ұлттық штабтарының басшылары мен олардың өкілетті өкілдері шақырылды. Оған сондай-ақ ҰҚШҰ елдерінің құзырлы органдарының, киберқылмыстармен күресуші ұлттық уәкілетті ұйымдарының өкілдерінен құралған делегациялар қатысты.
Қазіргі кезде әсіресе, Ресей үшін бұл мәселе аса өткір тұрғаны белгілі. Осы орайда ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков ахуалды "күрделі" деп бағалады.
"Ахуал күрделі, біздің мемлекеттерге қарсы құқыққа қайшы іс-қимылдардың ауқымы артып барады. Соған қарамастан, былтырғы 2024 жылы "Прокси" операциясын өткізетін ұлттық штабтарға кіретін уәкілетті және үйлестіруші құрылымдардың бөлімшелері қиын, стандартты емес, жедел міндеттерді шешті. Біз ақпараттық кеңістікті жаптық. Ақпараттық технологиялар көмегімен жүзеге асырылатын кибертерроризммен және ұйымдасқан қылмыспен, есірткінің заңсыз айналымымен, экстремизммен және заңсыз көші-қонмен белсенді күрестік", – деді Семериков.
Оның айтуынша, ҰҚШҰ елдерінде жоспарланған іс-шаралар кешені тұтастай алғанда орындалды. Бірақ оның нақты қандай шаралар болғанын нақтыламады. Іс-шаралар кешенінің егжей-тегжейі ҰҚШҰ ресми сайтында да жоқ.
"Күш құрылымдарының, арнайы қызметтердің және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ ұйымға қатысушы мемлекеттердің бейінді министрліктері мен ведомстволарының қызметкерлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстарға қарсы тұру іс-шараларына тікелей жұмылдырылды. Олар тиімді және кәсіби қимылдады", – деді Бас хатшының орынбасары.
Жиында айтылғандай, "Прокси" операциясы биыл да жыл бойы тоқтаусыз жалғасады. Бұл операция "ұжымдық ынтымақтастықтың пәрменді тетігі" ретінде ҰҚШҰ елдерінің ұжымдық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталғаны атап өтілді.
Сонымен, 2025 жылы "Прокси" операциясы аясында күш құрылымдарының, арнайы қызметтердің, құқық қорғау органдарының және басқасының келесі бағыттарға жұмылдырылатыны жарияланды.
Біріншіден, есіңізде болсын, ғаламторды бақылау күшейтіледі. ҰҚШҰ интернетті адамдардың келесі бағыттардағы ақпаратты тарату үшін пайдалануына қарсы күреспек:
- ҰҚШҰ-ға кіретін мемлекеттердің ұлттық және одақтық мүдделеріне саяси нұқсан келтіретін;
- Ішкі саяси ахуалды тұрақсыздандыруға,
- Ұлттық алауыздық туғызуға,
- Діни араздықты қоздыруға бағытталған ақпараттарға тосқауыл қояды.
Екіншіден, "Прокси" тұрақты жүретін операциясы аясында олар террористік және экстремистік бағыттағы қылмыстық топтардың қызметіне қарсы тұрады.
Үшіншіден, ұйым елдері өз азаматтарын қарулы қақтығыстарға, лаңкестік және экстремистік ұйымдарға қатысуға үгіттеп, тартумен байланысты ақпараттарды таратуға, соның ішінде интернет желісі арқылы таратуға қарсы бірлесе қимылдайды.
Төртіншіден, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды және интернет кеңістігін пайдалану арқылы іске асырылатын есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыспен бірге күресуге ниетті.
Бұл бағыт әсіресе, Қазақстан үшін аса өзекті екенін даусыз. Өйткені есірткі саудасын ұйымдастырушылардың жеңіл табыс табуға қызыққан қазақстандықтарды, тіпті жастар мен балаларды құпия орындарға есірткі тығуға ("закладчиктер"), тасымалдаушы-курьер болуға, немесе есірткі сатылатын сайттарды граффити түрінде жарнамалауға тарту қылмысы өршіп барады.
Бесіншіден, "Прокси" аясында ҰҚШҰ елдерінің электронды алаяқтықпен күресте ары қарай күш біріктіруі қарастырылған.
Биылғы жылы ҰҚШҰ ұйымына Қырғыз Республикасы төраға. Сондықтан жиында Қырғызстанның ұлттық штабының делегациясы төраға ретінде жүзеге асыратын өз елінің басымдықтарын жария етті.
Сонымен бірге, қазіргі кезде алаяқтар өз құрбандарын тұзаққа түсіру үшін енді ҰҚШҰ-ны пайдалана бастапты. Бұл туралы ұйымының өзі мәлімдеді.
"Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы. Ақша аударымдарын доғару қызметі. ҰҚШҰ Кеңесінің қолдауымен. Кеңес инвестициялық алаяқтықпен күресу үшін жарлық шығарды. Киберполиция ҰҚШҰ-мен бірлесіп, алаяқтықтан зардап шеккендердің ақшасын қайтарады. Қайтару рәсімдерін бастау үшін өз деректеріңізді толтырыңыз", – делінген алаяқтардың азаматтарға жолдайтын хабарламаларының бірінде.
Түпнұсқасында ол былай болып келеді: "Организация Договора о коллективной безопасности. Служба отмены денежных переводов. При поддержке Совета ОДКБ. Совет издал указ для борьбы с инвестиционным мошенничеством. Киберполиция совместно с ОДКБ возвращает деньги пострадавшим от мошенничества. Заполните свои данные для начала процедур возврата".
Ары қарай адамдардан фишингтік сайтта электронды поштасының мекенжайын, аты-жөнін, ұялы телефонының нөмірін және басқа да дербес деректерін теруді ұсынады.
Мұның дұрыстығына сендіре түсу үшін тіпті ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтың суретін қоса басқан көрінеді.
Ұйым мұның фейк екенін жариялады. Жалпы, ұйымда ешқандай кеңес жарлық шығармайды.
"Алаяқтар ҰҚШҰ атынан қимылдай бастады. Алаяқтар әлеуметтік желілерде жаңа "қызметті" ұсынуда: олар "егер сізді брокер алдап соқса", онда ақшаңызды қайтарып беруге көмектесуге уәде етеді. Бұл ретте олар ҰҚШҰ атын жамылады. Сақ болыңыз!", – деп ескертті Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы.
Ұйым алаяқтарға сенбеуге шақырады. ҰҚШҰ жыл сайын тұрақты түрде киберқылмыспен күресетін операция жүргізгенімен, алданғандардың ақшасын қайтарумен айналыспайды. Сондай-ақ "киберполиция" сияқты ешқандай жалған құрылымдарды құрған емес.