Оралдық оқушы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайды

Жаңа күн

Оралдық оқушы Есет Дәрібаев қағаз қалдықтарын жинап, макулатура тапсыруды кәсіпке айналдырған, деп хабарлайды 24KZ. Талапты өрен жиналған қаржыға ноутбук сатып алып, қоршаған ортаны қорғайтын арнайы бағдарлама жасауды армандайды.

Тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауды 5-сынып оқушысы Есет Дәрібаев 3 жыл бұрын бастапты. Әуелі әкесімен бірге түрлі батареяларды бөлек жинаған екен. «Қоршаған ортаны сақтау мен тазалау туралы идея түрлі танымдық хабарларды тамашалау кезде ойыма келді», – дейді ол.

Есет Дәрібаев, оқушы:

- Тек мен емес, менің сыныптастарым, құрдастарым, барлығы да қоқыстарды сұрыптап жинаса, айналамыз әлдеқайда таза болар еді. Тек көшеміз, қаламыз емес, Жер атты адамзаттың ортақ мекені ластанбас еді. Соған өз үлесімді қосқым келеді.

Қазір 11 жастағы жеткіншек тұрмыстық қалдықтарды жинаумен шындап шұғылданып жүр. Жергілікті дүкендер мен кафелердің қожайыны да жас табиғат жанашырын танып алған.

Әлихат Ғалымов, кәсіпкер:

- Есет бізге бір ай бұрын келіп, картон қораптарды жинап қоюды өтінді. Содан кейін әр апта соғып тұратын болды. Бізге де ыңғайлы. Бәрібір ол қалдықтарды қоқыс контейнеріне лақтырып тастап жүрміз.

Есет бір аптада 20 келіге дейін қағаз қалдықтарын жинап, сұрыпталған шикізатты тапсырады. Түскен ақшаны ноутбук алу үшін жинақтап жүр. Ол болашақта ақпараттық технология маманы болып, түрлі экологиялық бағдарламалар жасауды армандайды. Талапты жастың қаланы тұрмыстық қатты қалдықтардан тазартуға деген ынтасын мамандар да қолдайды. Биыл қала тазалығына жауапты кәсіпорын арнайы қалдық қабылдау орындарын ашты.

Рафхат Данағұлов, коммуналдық кәсіпорын директоры:

- Қала халқы қалдықтарды сұрыптауға белсенді кірісіп жатыр деуге болады. Көптеген көріп жатырмыз, кішкентай балалар, осы жерде тұрғылықты тұрып жатқан балалар мектептен алып келіп жатады. Балалар, оқушылардың белсенділігі жақсы. Соған байланысты мына бізге Зашаған ауданынан, жаңа ауданнан хабарласып, сұраныстар болды. Сөйтіп-сөйтіп қала аумағында экопункттерді көбейткіміз келеді. Қазір біздерді қолдайтын демеушілер, инвесторлар іздеп жатырмыз.

Күн сайын қала аумағынан 280 тонна қалдық шығарылады, оның 60%-і сұрыпталады. Алайда елімізде қағаз бен темірден басқа қалдық түрлері өңделмейді. Сол себепті мамандар қуат батареяларын, әйнек пен пластик қалдықтарын әзірге қоймада сақтауға мәжбүр екенін айтады.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов