Астана әкімдігіне айтылатын сын көп...

Жаңа күн

Бірақ соңғы уақытта қала тұрғындары әкімдік жұмысына жиі сын айтып жүр. Күн сайын қайталанатын кептелістер, аяқталмайтын жол жөндеу жұмыстары, қымбатшылық, экологиялық проблемалар – бұның бәрі қала тұрғындары үшін шешілмеген мәселелерге айналған. Десе де Астанада әлі шешімін таппаған мәселелер шаш етектен.

Себебі Астанадағы жолдың жағдайы мәз емес. Қыс сайын жауатын қалың қар тазаланып жатса да, көктем келе еріген қар суы көшелерді көлге айналдырады, аяқ киімді балшық қылады. Ал әкімдік бұл мәселелерді түбегейлі шешудің орнына, уақытша шешімдермен ғана шектеліп келеді. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің тапшылығы да жұртты әбігерге салып отыр. Қоғамдық көлік жоқ демейміз, бар. Бірақ автобустар сирек жүреді, ал такси бағасы күннен-күнге өсіп жатыр.

Жасыл желек азайған

Бұдан бөлек Астанада жыл сайын жаңа тұрғын үйлер салынады, бірақ көптеген жаңа ауданға мектеп, балабақша, емхана сияқты әлеуметтік нысандар жетіспейді. Тұрғын үй демекші, инфраструктураның дұрыс жоспарланбағанынан босла керек, қаладағы жасыл желек жылдан-жылға азайып барады. Мәселен, сол жағалаудың дәл орталығында, Қазмедиаға қарама-қарсы Қонаев көшесінің бойында теректер жайқалып тұратын. Қазір олардың бірде-біреуін кездестірмейсіз. Есесіне биік-биік тұрғын үйлер салынып кеткен. Құрылыс қарқыны жоғарылаған сайын, ағаштар кесіліп, орнына биік ғимараттар бой көтеріп жатыр. Бұл жағдай экологияға кері әсерін тигізіп, қаладағы ауа сапасын нашарлатып жатқаны да жасырын емес. Қыста Астананың ауасы көк түтінге толып, жұрт денсаулығына қауіп төніп тұр. Күз бастала қалса, бір ғана Шұбар ауданынан шығатын көк түтіннің мөлшерін калькулятормен де есептеп бере алмассыз. Ал оң жағалаудағы мәселе тіптен бөлек...

Алаш шоссесіндегі базарлар

Әкімдік жаңа жобалар мен бастамалар туралы көп айтады. Бірақ олардың көбі іс жүзінде толық орындалмайтын тәрізді. Өйткені тұрғындардың арыз-шағымдарына құлақ асатын әкімдік жоқ. Себебі қала аумағындағы инфрақұрылым мәселелері әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Әсіресе «Биг Шанхай», «Шанхай», «Алаш», «Алау», «Шарын», «Керуен» базарларының маңындағы жағдай күрделі. Мұнда канализация жоқ, лас су септик арқылы шығарылады. Басқасын айтпағанда, жолдары батпаққа айналған, ал жарық қуаты төмен. Бұл мәселелер туралы кәсіпкерлер де, қарапайым тұрғындар да үнемі айтып келеді. Бірақ әкімдік қандай шешім ұсынып отыр?

«Батпақтың ортасында жұмыс істеп жүрміз»

Мәселен, Министрліктер кабинетінен 12-15 шақырым жердегі Алаш шоссесіндегі (Алаш шоссесі 35) біз сөз етіп отырған базарлардың жағдайы қандай екенін білу үшін шенділерге дәл осы көктемде аяқтай барып көрген «тиімдірек» болар ма еді... Әсіресе депутаттар аяғына ұзын етігін киіп, оның сыртын пакетпен орап, күн жаңбыр болып тұрғанда барса, «әп-бәрекелді» деп қуанар едік. Сонда ғана Астана әкімдігінің қолынан түк келмейтінін көзбен анықтап көруге болады.

Міне, сол жақтағы «Керуен» автобазарында жұмыс істейтін жұмысшы Санжар Әмірбеков бұл мәселелерге қатысты өз ойын ашық айтты. Оның айтуынша, мұнда инфрақұрылым атымен жоқ, ал қала билігі бұл мәселені шешуге асықпайды. Тіпті жуырда ғана жергілікті жұртпен кездесуге келген Астана қаласы, Байқоңыр ауданының әкімі халыққа мысқылдап кеткен тәрізді...