Дариян ауылының тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатыр. LIVE

Жаңа күн

Ұлыстың ұлы күнін Батыс Қазақстан облысының ауыл-аймағы да шат-шадыман қарсы алды. Бәйтерек ауданының Дариян ауылы орталығында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қолөнер туындыларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтіп жатыр.

Дариян ауылы Орал қаласынан 25 шақырым қашықтықта, Жайықтың жағасында, табиғаты тамаша жерде орналасқан. Бәйтерек ауданында аудан орталығы Переметныйдан кейінгі екінші мекен саналады. Ынтымағы жарасқан ауыл бүгінгі мейрамды асқан ұйымшылдықпен, күш-жігермен қарсылап жатыр. Өйткені Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жаңғырып, тіршіліктің түрленер мезгілі. Ұлыстың ұлы күнінде ағайынның арасындағы өкпе-наз кешіріліп, келісім мен сыйластық салтанат құрған. Қаһарлы қыстың қиындығын артта қалдырып, күлімдеген көктемге аман жеткен жұртшылық өзара қауышып, шат-шадыман болған. Сол себепті де Наурыз мерекесі жалпы ұлттық сипатқа ие. Түрі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір отандастарымыз да бүгінгі Наурыз тойының төрінен табылыпты. Ой ортақ, тілек бір. Ол елдің тыныштығы.

Вячеслав Васильев, Дариян ауылының тұрғыны:

- Наурыз мейрамы – өте қуанышты көктем мейрамы. Осы ауылда Дариянда жылда осылай жылда осылай жиналып, күліп-ойнап, мейрам өткізіп, көже ішіп, бауырсақ пісіріп. Енді мына Наурыз мерекесімен Қазақстан халқын құттықтаймын! Бәріне зор денсауық, бақыт тілеймін! Осы 2025 жылы тек жақсылық алып келсін! Бақыт алып келсін, халқымыз, жеріміз аман болсын!

Ольга Чеканова, Дариян ауылының тұрғыны:

- Құрметті жерлестер! Ұлыстың ұлы күні мерекемізбен баршаңызды құттықтаймыз! Жаңа жыл отбасымызға жақсылық, достарымызға құт-береке алып келсін! Жанұямызға тыныштық және бақыт тілеймін!

Наурыз мейрамына орай Дариян ауылының орталығына бүгін ақшаңқан киіз үйлер тігілген, бармағынан күш саулаған балуандар мен шабандоздар ұлттық спорт түрлерінен кім мықтыны анықтап жатыр. Сахнада ән мен күйге кезек берілсе, мына жерде қолөнер туындыларының жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Ақ отауларда дастарқан жайылып, жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылған. Бүгінгі ас мәзірінің бас тағамы, әрине, Наурыз көжесі.

Гаухар Әбілбасова, Дариян ауылының тұрғыны:

- Наурыз көже – Ұлыстың ұлы күні келетін қадірлі ас. Сондықтан жылда қамданамыз. Құрамында 7 түрлі тағам болады. Өйткені 7 саны – қазақта киелі сан. Дақылдардан күріш, жүгері арпа, бидай, тары, бұршақ қосылады. Дәнді тамырдан өсіп-өнгені сияқты болашақта ұрпақтарымыз да осы дәндердей көбейсін деген мағынада. Сосын айран, сүт сүзбе қосылады. Ағымыз көп болсын. Сүттей ұйып отырайық дейді.

Елді бірлікке шақырар ерекше сипатқа ие Наурыз мерекесі өңірде 14 наурыздан бастап кең ауқымда тойланып келеді. Негізгі іс-шаралар ертең Оралдағы жаңа алаңда ұйымдастырылмақ.