Жұмысшы мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында іске қосылған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен бірінші болып Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» серіктестігінің инженер-конструкторы Данияр Асанов үйлі болды .
Банкке осыдан екі күн бұрын өтініш берген жас маман бүгін екі бөлмелі пәтердің құжатын қолына алды. Данияр пәтерді жаңа салынып жатқан зәулім үйлердің бірінен таңдаған. Мұнда қазір әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Пәтерді бастан-аяқ құрылыс компаниясының өзі салып, кіруге дайын етіп береді.
«Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осыған дейін анам екеуміз пәтер жалдап тұрып келдік. Енді басымда үйім бар. Әсіресе анамның қуанғанын көрсеңіз. Бұл – менің жеке өмірімдегі үлкен қадам, ұмытылмас сәттердің бірі. Енді келешектің қамын жасап, отбасын құру жағын ойластыра берсем болады», дейді жас маман.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы – жұмысшы мамандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан нақты қолдау, үлкен қамқорлық. Бағдарламаға қатысушыларға тұрғын үй таңдауға алты ай уақыт беріледі. Бастапқы жарнаның көлемі – баспана бағасының 10%-ы. Алайда бұл 2 миллион теңгеден кем болмауға тиіс.
Бағдарлама іске қосылған алғашқы үш күннің ішінде «Отбасы банк» 31 млрд теңгеге 1 094 өтініш қабылдаған. Өтініш жасағандардың орташа жас мөлшері – 31-де. Несие алушылардың ең жасы – енді ғана еңбек жолын бастаған 19-дағы жастар.
«Ең бастысы, бағдарлама нақтылы жұмыс істейді. Яғни жас мамандар тиімді бағамен тұрғын үй сатып ала алады. Құрылыс компаниялары да тұрғындар қосымша қиындық көрмейтін, толық аяқталған пәтерлерді ұсынуға дайын. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағаны белгілі. Осыған орай елімізде жұмысшылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер қабылданып, іске асырылып жатыр. Мұны зауыт-кәсіпорындар да қолдап отыр. Мемлекеттік бағдарлама жас мамандардың баспаналы болуына көмектеседі», дейді «Отбасы банк» басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов.
Қостанай облысы