Түркияда Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу мен оның серіктестерінен жауап алу басталды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Gazete Oksijen-ге сілтеме жасап.
Тергеу аясында ұсталған 87 адамнан, соның ішінде Экрем Имамоглудан жауап алынып жатыр.
"Ыстамбұл прокуратурасы "Қылмыстық ұйымды басқару", "Қылмыстық ұйымға қатысу", "Өкілетін теріс пайдалану", "Парақорлық", "Аса ірі мөлшердегі алаяқтық", "Дербес деректерді заңсыз алу" және "Тендерлерді өткізу кезінде айла-шарғы жасау" айыптары бойынша Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглу мен басқа 99 адамға қатысты тергеу жүргізіп жатыр", — деп жазылған ақпаратта.
Сонымен қатар, Имамоглудың өзіне және тағы бірнеше адамға қатысты "Террористік ұйымға қолдау көрсетті" деген айыппен тергеу жүргізіліп жатыр.
Ал Имамоглуға қарсы жеті түрлі айып бойынша тағы екі тергеу басталды. Ыстамбұл прокуратурасының мәлімдемесінде Имамоглу "қылмыстық ұйымның жетекшісі" атанғаны айтылады.
Еске салайық, бұған дейін Ыстамбұлда қала мэрі Экрем Имамоглу ұсталғаны хабарланды. Артынша қалада наразылықтар басталды. Полиция шеруге қатысушыларға қарсы күш қолданды.
Экрем Имамоглу туралы не белгілі?
Экрем Имамоглу 2019 жылы наурызда Ыстамбұл қаласының мэрі болды. Муниципалдық сайлауда ол "Ұлт альянсының" атынан Ыстамбұл мэрі лауазымына үміткер болды. Имамоглу 54,22 пайыз дауыспен жеңіске жетті.
Бұған дейін, 2014 жылдан бастап ол Ыстамбұлдағы Бейликдюзю ауданының мэрі болған. Елдің басты оппозициялық күші саналатын Республикалық халық партиясының құрамына 2008 жылы кірген.
instagram.com/ekremimamoglu
Саяси мансабын бастамас бұрын ол құрылыс және жылжымайтын мүлік бизнесімен айналысқан.
Экрем Имамоглу Түркия президенттігіне үміткер саналады. 8 наурызда ол Измирдегі науқанын бастады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!