Жыл басынан бері 2366 азамат банкрот деп танылды

Жаңа күн

Биыл 38 мыңға жуық қазақстандық банкрот деп танылуға өтініш берген.

Оның екі мыңнан астамының арызы мақұлданды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, олардың дені ер азаматтар. Орташа жасы 44. Ең көп берешек 2 млрд теңге, ал ең азы 200 мың көлемінде болған. Қазақстандықтардың дені соттан тыс банкроттықты таңдапты. Бұл тәсіл борыш көлемі 6,2 млн теңгеден аспаған және бір жыл бойы несие төленбеген жағдайда қолданылады. Былтыр 11 мыңнан астам адамның қарызы осы жолмен кешірілді. Ал сот арқылы банкрот деп танылғанда қарызды өтеу үшін борышкердің мүлкі саудаға шығарылады. Сонымен қатар, бес жыл бойы бөліп төлеу мүмкіндігі де бар. Бірақ мамандар банкроттықтың салдарын да ескеру керек екенін айтады. Өйткені одан кейін азамат бес жыл бойы несие ала алмайды және келесі рет тек жеті жылдан кейін ғана банкрот деп танылуға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, биыл заңға тағы бірнеше түзету енгізілмек.

Сейілжан Ахметов, ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары:

- Рәсімдерді жетілдіру бойынша жұмыс жалғасып жатқанын атап өтеміз. Бүгін Мәжілістің қарауында 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін алынған қарыз бойынша реттеу туралы талап алып тасталады. Екіншісі, борышкер еш себепті көрсетпей, соттан тыс банкроттық рәсімін өз қалауы бойынша тоқтата алатын болады. Үшіншісі соттан тыс банкроттық рәсімде банкроттық міндеттемелері кредиттік бюро базасында көрсетілмесе де тоқтатылуға жатады.