Ұлттық статистика бюросының өкілдері наурыз көжеге қосылатын өнімдердің биылғы бағасын ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ бюроның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурыз көже – жаңару мен көктемнің оянуын бейнелейтін дәстүрлі мерекелік тағам. Ұлттық статистика бюросы оны дайындау тәсілі әртүрлі екенін ескеріп, тағамға қосылатын негізгі өнімдердің бағасын ұсынды.
"1 литр айранның орташа бағасы – (майлылығы — 2,5 пайыз) 446 теңге. Бұл тағамда қолданылатын тағы бір маңызды өнім – сүт (2,5 пайыз), оның бағасы литріне орташа есеппен 413 теңгеге тең. Арпа жармасының бір келісі орташа есеппен 399 теңге, еліміз бойынша оның ең арзан баға Көкшетау (283 теңге) қаласында тіркелген. Күрішке келетін болсақ, оның орташа бағасы келісіне 639 теңге, оның ең арзаны Шымкентте — 535 теңге. Тағы бір маңызды құрамның бірі – жылқы еті, оның бір келісі шамамен 3098 теңге. Қазақстан бойынша тұздың орташа бағасы 76 теңге/кг.
Сондай-ақ тағамға құрт қосылады, ал аймаққа қарай тағы маш, өрік немесе кеспе қосылуы мүмкін", — дейді бюродағылар.