"Қазгидромет" РМК Атырау облысы бойынша филиалының мәліметіне сәйкес, кейінгі күндері Атырауда ауа сапасы күрт нашарлап, лас заттардың шекті мөлшері бірнеше есеге артқан, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Экология департаментінің мәліметінше, 17-18 наурыз күндері №17 ластаушы бақылау бекеті мен №114 "Загородная" атмосфералық ауа сапасын бақылау станцияларында күкіртсутектің мөлшері рұқсат етілген шектен 1-4 есеге дейін асып түскен. Сол күндері жел оңтүстік-батыс және батыс бағыттарда соғып, жылдамдығы 2-7 м/с аралығында болды.
18-19 наурыз күндері "АМӨЗ ЖШС-не тиесілі "Мирный" станциясында күкіртсутек мөлшері 4 есе, "Перетаска" станциясында 1 есе, №103 "Шағалада" 5 есе, №109 "Восток" станциясында 8 есе, №111 "Жилгородок" станциясында 4 есе, №112 "әкімдікте" 10 есе, №113 "Авангард", №114 "Загородная" және №5 "Құрсай" станцияларында 1-5 есеге дейін артқаны анықталған.
18-19 наурыз күндері қаладағы қолайсыз экологиялық жағдайға байланысты Атырау облысының экология департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және "Қазгидромет" РМК бірлесіп, ауа сапасына мониторинг жүргізген. Сынамалар "Квадрат" булану алаңында, Атырау қаласының 5 шақырым аумағында, "ҚазТрансОйл" АҚ-ның оңтүстік беткейіндегі санитариялық қорғау аймағынан тыс жерде, сондай-ақ, "Атырау мұнай өңдеу зауытының" санитарлық қорғау аймағынан тыс жерлерде алынған.
"Зерттеу барысында атмосфералық ауада күкіртсутек (H₂S), көмірсутектер (C₆-C₁₀) және бензол (C₆H₆) мөлшері тексерілді. Нәтижесінде "Квадрат" булану алаңында рұқсат етілген шектен асу дерегі тіркелді", — деп жазылған хабарламада.
"19 наурызда сағат 05:00-05:20 аралығында №111 "Жилгородок" станциясында күкіртсутек мөлшері 11 есеге, ал №112 "әкімдік" станциясында 10,7 есеге артқаны анықталды", — деді департаменттің баспасөз қызметі өкілі.
Экология департаменті қаладағы ірі кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауына қатысты жоспардан тыс тексеріс тағайындады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда ауасы ең лас және ең таза жерлер туралы жаздық.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!