Халыққа "Жайдарман" ойындары мен әзіл-шыны аралас, ерекше стильдегі әндері арқылы танылған Есқара Айдан жеке өміріне қатысты құпияны жайып салды.
Бұл туралы ол «Уақыт көрсетеді» бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Әзілкеш тұрмыстың тауқыметін көп көргенін жасырмады.
«Кеңес заманының соңғы қиындықтарын, жоқшылықты көрдік. Екінші сынып оқып жүріп, әке-шешеме көмектесуді ойладым. Ата-анам базарда қауын-қарбыз сатып, арба да айдайтын. Ол кезде қауын сататындар көп. Пойызда кетіп бара жатқандарға терезеден қауын лақтырады. Бірі ақшасын төлесе, енді бірі тегін алып кете береді. Қызылорда облысы, Шиелі ауданында тұрдық. Базарға таңғы 4-те шығып, 15 км жаяу жүріп, сағат 8-де жетеміз. Сағыз, пісте де саттым. Үлкендер әлімжеттік жасап, сатып жатқан заттарымды тартып алатын. Жарықтың ақшасын да төлей алмай, майшаммен отыратынбыз. Жоқ болғаннан кейін ұрлыққа баруға тура келді. Отбасымыздың адамдары бірнеше дүкеннен азық-түлік ұрлаған. Қалай болғанын айтпай-ақ қояйын. Содан кейін не нәрсе ұрланса да бізден көретін болды. Жыңғыл қорамыздың жанына келіп «ұрлықшылар» деп айқайлайтын. Анам үйге жылап келеді. Бір рет жасаған қателік мың қателікке татып кетті. Бұны тынышталдырмасақ болмайды деп, амал жоқ Жаңақорған ауданына қоныс аудардық. Әкем шахтаға жұмысқа тұрды, анам мектепке еден жуушы болып орналасты. Әлі күнге дейін сол жұмыстарында істейді. Қоныс аударған соң жаңа өмір, намаз бастап, басқа арнаға бет бұрдық. Көкке осы 2-3 жыл көлемінде іліндік. Берекелі отбасы болғанымызды көрсем деген арманым орындалды», — дейді ол.