Қарағандыдағы «Алшынай» цехы тақиядан бастап киіз үй жабдығына дейін тігеді. Этно шапаны шетелге сатылып жатыр. Мемлекеттік мекемелер мен ірі кәсіпорындардан түсетін тапсырыс та көп.
Тігін цехының иесі Гүлсім Хамитқызы күйеуінің көлік тұрағын цех ретінде пайдаланып отыр. Ұзақ жыл сауда-саттықпен айналысып келген шебер ең әуелі балалар кеудешесін тігіп, сатыпты. Кейін онысы шапан, тақия, көрпе-жастыққа ұласқан. Сапалы дүние тұтынушы көңілінен шығып, күн өткен сайын тапсырыс молая түседі. Кәсібіне үйінің бір бұрышы тарлық етіп, гаражға көшеді. Өзі үлгермейтін болған соң қасына тігіншілер алады.
– Кішкентай кезімізден әжелеріміздің іс тігіп отырғанына көзіміз қанып өскен. Анам да ісмер. Көзкөрген жұрт бұл қабілетімді әкемнің туған апасына тартқан дейді. Ол кісі 1930 жылдары ауылдағы келіншектерге көйлек тігіп берген көрінеді. Атам да ағаш ұстасы болған. Сол кісінің қолынан шыққан бесік әлі бар. Балаларым, немерелерім сонымен өсті. Тегімде бар дүние тегін жатпаса керек. Оқушы кезімде ұстаздарыма шәлі тоқып беретінмін. Міне, өзімнің сүйікті ісімді қолға алғалы он жылдан асты. Қазір тапсырыстың көптігінен басқаларынан бас тартуға тура келетін кездер де бар, – дейді әңгімесін әріден бастаған Гүлсім Кенжебекова.
Цех ісмерлері этношапанның түр-түрін тігеді. Тапсырыс берушінің талғамына сәйкес ою-өрнегін, тіпті есіміне дейін кестелеп жазып береді. «Алшынай» өнімдерінің брендке айналғанын шетелден түсетін тапсырыстан аңғаруға болады. Осы күнге дейін он мыңға жуық шапан сатылыпты. «Instagram» арқылы АҚШ, Франция, Сингапур, Таиландтан да тапсырыс түскен. Кейін Түркия, Моңғолия мемлекетіндегі елшіліктер де сыйлы меймандарына арнап бірнеше шапан алған. «Қазақмыс» компаниясы да – тігін цехының тұрақты тұтынушысы.
Цех ұжымының ең ауқымды алғашқы тапсырысы – Астанада өткен «EXPO» көрмесінің сахналары. Дала сахнасының шатырын тігіп, әсемдеп безендіріпті. Одан кейін «Астана Опера» театрының «Біржан сал» спектакліне арнап киіз үй жабдығы мен 8 метрлік шатыр тіккен. Содан бері бас қаладағы өнер ұжымдарымен ұдайы байланыста. Қарағандыдағы «Алтай полиметалы» кәсіпорнына 15 киіз үй жабдықтаған. Осы секілді кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерге отызға тарта киіз үй құрап берген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бас кеңсесінің мәжіліс залындағы барлық орындықты қаптап, сахна шымылдығын әсемдеген. «Helios», «Газпромнефть» секілді компаниядағы жұмысшылардың киімін де осындағы ісмерлер пішіп, тігеді.
Төрт тігінші жұмысқа мемлекеттік бағдарламалар («Алтын жас», «Күміс жас» жобасы мен «Жастар практикасы» бағдарламасы) арқылы қабылданған.
– Мамандығым – тігінші. Мансап орталығында жұмыс іздеп жүгінгенімде «Күміс жас» жобасы бойынша осы цехты ұсынды. Ұжым бірден ұнады. Іс тігу – өте нәзік жұмыс. Аса мұқият болу керек. Бір-бірімізге білгенімізді үйретеміз. Ынтымақ жарасқан жерде ырыс молаяды. Бос күніміз болмайды. Тапсырыс көбейген сайын табыс та артады, – дейді Айнагүл Асанбаева.
Бақыткамал Исабекова іс-машинасымен кескіндеме жасайды. Ең жауапты жұмыс – осы мамандікі. «Цех екінші үйіме айналды. Мұндағы міндетім – этношапанға, басқа да киімге компьютер көмегімен кескіндеме салу» дейді ісмер.
Гүлсім Хамитқызы былтыр «Даму» қорының 20 млн теңге жеңілдетілген несиесі арқылы цехқа қажетті іс машинкаларын алыпты.
– Әлі де цехты кеңейтсем деймін. Енді лазерлі кескіндемелі аппарат алғымыз келеді. Жүн өңдеу цехын да қатар алып жүру ойымда бар. Ол үшін биыл грантқа қатыссам деймін. Ыңғайы келсе бәрін бір жерде атқаруды ойлап отырмыз, – дейді.
Қарағанды облысы