Алматыда мүгедектігі бар жандарға цифрлық мамандықтарды үйрететін жобаға өтініш қабылдана бастады, деп хабарлайды 24KZ. Қалалық Құзыреттілікті дамыту орталығы IT саласы бойынша тегін онлайн білім береді. Ал бағдарлама түлектеріне жұмысқа орналасуға қолдау жасайды . Былтыр бұл курсты 120 адам сәтті аяқтаған.
Мамыр айынан бастап мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған білім беру жобасына қабылдау басталады. «OrleTECH» бағдарламасы елімізде үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тегін әрі онлайн оқу арқылы бағдарламалауды және жасанды интеллектімен жұмыс істеуді үйретеді. Курсты аяқтаған түлектер алған мамандықтарына сәйкес жұмысқа орналастырылады.
Захира Бегәлиева, қоғамдық қордың директоры:
- Біздің басты мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі жандарға өз кәсіби жолын табуға көмектесу. Біздің платформада қазақ, орыс және ым тілінде жазылған курстар бар. Барлық курстарымыз оқытушымен бірге өтеді, үй тапсырмасы, балдық жүйе және ойын форматы қарастырылған.
Биыл жобаға мүмкіндігі шектеулі жандар ғана емес, олардың туған-туыстары да қатыса алады. Енді мүгедектердің ата-аналары, қамқоршылары және басқа да жақын туыстары да оқи алады. Көпбалалы ана Әсел Абылай былтыр осындағы жасанды интеллект курсын оқыған.
Әсел Абылай, «OrleTECH» жобасының түлегі, көпбалалы ана:
- Оқу оңай болды. Өйткені онлайн бәрі, өте ыңғайлы. Өзің қалаған уақытыңда кіріп, үй тапсырмасын қалаған уақытыңда жіберіп отырдық. Мен маркетинг және сату саласында жұмыс істеймін. Осы жасанды интеллектіні қолданып, чат-боттар жасап жатырмыз. Ол да бізге қосымша уақытымызды үнемдеуге және жұмысымызды ары қарай жылжытуға қатты көмектесіп жатыр.
«iTeachMe» қоғамдық қорының онлайн-курсы тек алматылықтарға емес, 17 мен 39 жас аралығындағы барлық мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді. Жыл басынан бері жоба аясында шамамен 80 адам жұмысқа орналасыпты.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов