Жаңару күнінде Талдықорғанда 300 түп көшет егілді, деп хабарлайды 24KZ. «Көктем» және «Ардагерлер» саябағы мен жаңадан бой көтерген ықшамаудандарды абаттандыруға әкімшілік, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен студенттер қатысты.
Сонымен қатар әртүрлі мекемелер мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де атсалысып, Талдықорғанның атына заты сай, жасыл желекпен көмкерілген шахар болуына өз үлесін қосты. Мұндай экологиялық акция аймақта жыл басынан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Наурыз айының өзінде аудан-қалаларда 5 мың ағаш отырғызылды. Жалпы облыс бойынша оның санын биыл 120 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Ержан Тәңірбергенов, «Ұлттық сараптама орталығы» ОФ директорының орынбасары:
- Біз ұлттық сараптама орталығы Жетісу облысы бойынша филиалы атынан Талдықорған қаасында 50-ге жуық тал егіп жатырмыз және де жылдың аяғына дейін әр ауданда жүз талдан егеміз деген жоспарда бар. Мекемеміздің 10 жылдық мерейтойына орай осындай шараларды жүргізіп жатырмыз.
Айдос Бекетаев, энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- 5 мыңға жуық қылқан жапырақты ағаш ектік. Қазір сәуір айының соңына дейін көктемде 54 мың ағаш егіледі. Қалғаны күздік мезгілде егіледі.