Антикор өкілі Данияр Бегайдаров Арғын Нығматулинге қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.
Данияр Бегайдаровтың айтуынша, Арғын Нығматулинге қатысты қылмыстық іс 2024 жылы 7 желтоқсанда Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 186-бабы бойынша Бас прокуратураның өндірісіне берілген.
"Сондықтан тергеуге қатысты пікір білдіре алмаймыз. Бірақ Әкімшілік іс жүргізу кодексінің 65-бабы 1-бөлігіне сәйкес оны іздестіру біздің құзыретімізде. Іздестіру жұмыстарын Антикор жүргізіп жатыр. Іздеу жалғасып жатыр, алайда қосымша мәліметті жариялай алмаймыз. Бұл оның жасырынуына әсер етуі мүмкін", — деді Бегайдаров Антикордағы брифингте.
Сонымен қатар, Антикор өкілі Арғын Нығматулиннің Қазақстаннан тыс жерде болуы мүмкін екенін жоққа шығармады, себебі оған халықаралық іздеу жарияланған.
Айта кетейік, Нығматулинге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы ("Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу") бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Антикор Нұрлан Нығматулиннің ағасы Арғын Нығматулинді іздестіріп жатқаны хабарланған болатын. Бұл ақпарат құқықтық статистика органдарының сайтында жарияланды.
Арғын Нығматулин туралы не белгілі?
Ашық дереккөз мәліметінше, Арғын Нығматулин — Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің және экс-депутат Ерлан Нығматулиннің ағасы.
Ол 1955 жылы 28 маусымда дүниеге келген. 2007 жылғы сәуірден 2018 жылға дейін "Сарыарқа" хоккей клубы" ЖШС директоры қызметін атқарды. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!