Олжас Бектенов: Архив, кино, аудиокітаптар цифрландырылады

Жаңа күн

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында креативті индустрияны дамыту және мәдениет пен өнер салаларын цифрландыру мәселесі қаралды , – деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.

«Жақсы кино түсіру үшін көп қаражат керек. Мұндай қаражатты прокаттан түсіруге болады. Бірақ қазіргі уақытта фильмнен түсетін пайданың көбі кинотеатр иелерінде қалады. Сондықтан кино түсірушілер мен оны прокатқа шығарушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін бекіту маңызды. Ол үшін түскен ақшаның ашықтығын және авторлық құқықтың сақталуын қамтамасыз ететін “е-кино” платформасын жедел іске қосу керек», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр Олжас Бектенов «е-Архив» ақпараттық жүйесін одан әрі дамытудың және «Батырларға тағзым» онлайн-платформасымен үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

«е-Архив» ақпараттық жүйесін одан әрі дамытуға баса назар аударған жөн. Ол құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, архив жұмысының тиімділігін арттырады. «е-Архив» деректерін «Батырларға тағзым» онлайн-платформасымен үйлестіру жұмыстарын аяқтау қажет. Қолымызда бар тарихи құжаттардың бәрін ұлттық цифрлық архив базасында сақтап, қолжетімді етуіміз керек», – деп атап өтті Премьер-министр.

Сонымен қатар Олжас Бектенов қазақстандық авторлардың аудиокітаптарын түрлі платформаларға орналастыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

«е-кітапхана» жүйесінде қазірдің өзінде классикадан бастап заманауи басылымдарға дейінгі кітаптарды оқуға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта олардың санын көбейтіп, қолданыстағы платформалармен белсенді жұмыс істеу керек. Сонымен қатар қазіргі таңда аудиокітаптар өте танымал. Қазақстандық авторлардың аудиокітаптарын жасап, оларды түрлі платформаларға, оның ішінде әртүрлі тілдерде де орналастыру қажет. Осылайша біз әдебиетімізді өз елімізде ғана емес, одан тыс жерлерде де насихаттай аламыз», – деп атап өтті Премьер-министр.