Бір мезетте 200 мың оқушы су үнемдеу туралы ашық сабаққа қатысты

Жаңа күн

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су үнемдеу тақырыбында ашық сабақ өткізіп, «Су үнемде — болашақты сақта» атты ауқымды жобаны бастап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қоғамда су үнемдеу мәдениетін дамытуға бағыталған жоба сала министрлігінің бастамасымен және Астана қаласы білім басқармасының қолдауымен жүзеге асып отыр. Жоба шеңберінде бір мезетте Астананың 111 мектебінде сынып сағаттары өтіп, 200 мыңға жуық оқушы еліміздің су ресурстары және оны үнемдеудің маңызы туралы мағлұматтармен танысты. Балалар сол тұрғыда өз ойларымен бөлісіп, суды сақтау тақырыбында сурет салды.

Сала министрлігінің мәліметінше Нұржан Нұржігітов №104 мектептің оқушыларына елімізде су ресурстарын үнемдеу және оны тиімді пайдалану бойынша ведомствоның атқарып жатқан жұмысы туралы айтып берді. Министрлік 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің Жол картасын әзірледі. Құжат су заңнамасын жетілдіру, су саласын цифрландыру, суды есепке алу мен су үнемдеудің заманауи технологияларын енгізу жөніндегі іс-шараларды көздейді. Бұдан бөлек, тұрмыстық жағдайда су үнемдеу бойынша әдістемелік нұсқаулық әзірленген.

Министр «ашық микрофон» форматында оқушылар мен мұғалімдердің сұрақтарына жауап берді. Кездесуде су үнемдеу әдістері, өзен-көлдерді сақтау және су саласының мамандарын оқыту жөнінде сұрақтар қойылды.

«Неліктен біз мектеп оқушыларынан бастауды жөн көрдік? Себебі, мектеп жақсы әдет пен дұрыс дағды үлгісін қалыптастыруға қолайлы орта болып табылады. Бұл жоба оқушылардың су ресурстарының маңызы туралы білімін арттыруға, жастардың экологиялық жауапкершілігін дамытып, қала мектептерінде су үнемдеу қозғалысын қалыптастыруға арналған. Біз алдағы уақытта бұл жобаның ауқымын республика көлемінде одан әрі дамытып, барлық жастағы азаматтарды қамтуды жоспарлап отырмыз. Себебі су – ортақ байлық, бәріміз үшін қажет құнды ресурс. Оны үнемдеуге және сақтауға барлығымыз үлес қоса аламыз», деді министр Н.Нұржігітов.