Алматыда «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» форумы өтті

Жаңа күн

Мемлекеттік орталық музейде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының қолдауымен «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» ІІІ Халықаралық ғылыми форумы өтті.

Наурыз мерекесіне орай, түркітілдес халықтардың этникалық тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған форум Мемлекеттік орталық музей директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртонның құттықтау сөзімен ашылды. Ол адамзат өркениетінде өзгеше мәнге ие түркі халықтарының көрнекті дәстүрлері мәдени мұраларымыздың қаймағы екенін атап өтті.

Форумның пленарлық отырысында Наурыз мейрамының тарихы мен тамырын арқау еткен мазмұнды баяндамалар оқылды. Іс-шара қонақтарының қатарында ТҮРКСОЙ музейлер қауымдастығының бас үйлестірушісі Джавид Мовсюмлю, ҚР Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі ұлттық комитет төрағасының орынбасары Рустам Музафаров, Түрік республикасының Бас Консулдығының басшысы Эврен Мудеррисоглу, Алматы қаласындағы Иран Бас Консулдығының мәдени атташесі Хоссейн Агазаде, Әзірбайжанның Алматы қаласындағы Бас консулы Анар Гусейнзаде, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің Гуманитарлық зерттеулер және солтүстік шағын халықтар мәселелері институтының археология және этнография бөлімінің бас ғылыми қызметкері Екатерина Романова, Өзбекстандағы «Жібек жолы» халықаралық ғылыми зерттеу институтының профессоры Эльмира Гюль, Қырғыз Республикасы Ұлттық тарихи музейінің бас қор сақтаушысы Нурхат Иманқұлова, «Қырым аралы» зертханасының дизайнері және қалпына келтірушісі Элина Алтынбекова, Қазақстан қолөнершілері одағының төрағасы, суретші-этнодизайнер, материалдық емес мәдени мұра ұлттық комитетінің сарапшысы Айжан Беккулова бастаған сарапшылар сөз алып, тақырыпқа қатысты ой-пікір алмасты.

Форум аясында «Түркі дәстүрлері: этномәдени ерекшеліктер» тақырыптық секциясы мен музейлер қауымдастығы өкілдерінің, шығармашылық пен ғылым саласындағы жастардың, өнер қайраткерлерінің, тарих, мәдениет, туризм, білім беру, БАҚ мамандарының қатысуымен OPEN SPACE – «Ұлттық мәдениетті насихаттаудың заманауи бағыттары» әлеуметтік-мәдени пікірлесу алаңы үздік сарапшыларды бір алаңда жинады.

Орталық музей директорының орынбасары Анна Кущенко мәдени мұраларды заман талабына сай насихаттау мен жетілдірудің өзекті мәселелерін сараласа, Музейдің бас қор сақтаушысы Үміт Әшімова музей заттарын жинақтау, есепке алу және сақтау туралы ақпарат берді.

Іс-шара барысында қатысушылар қазіргі заманғы коммуникациялар мен музейлердің, мәдени және шығармашылық ұйымдардың ұлттық мәдениетті, бейнелеу өнерін насихаттаудағы рөлі, әлеуметтік-мәдени өзара әрекеттесу механизмдері, сондай-ақ білім беру мен этнокөркемдік ынтымақтастықты ұйымдастыру арқылы талантты жастарды қолдау мәселелерін талқылады.

Форум Мемлекеттік Орталық музейінің қорынан алынған этнографиялық коллекциялар мен Қазақстан қолөнершілері мен этнодизайнерлерінің авторлық туындыларын көрсететін «ШЕБЕРЛЕР АЛАҢЫ» көрмесіне ұласты. Бұл көрме ежелгі дәстүрлерді заманауи интерпретациялар арқылы жеткізуімен ерекшеленді.

А.Октябрь

«Форум жұмысының міндеті түркітілдес халықтардың тарихи этногенезін, мәдениеті мен өнерін зерделеу. Түркітілдес халықтардың тарихи-мәдени құндылықтарын дәріптеу һәм оларды зерттеу қай кезде де маңызды. Жоба мәдениет пен ғылым ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты жандандырып, ғылыми және мәдени-білім беру қызметі саласындағы дәстүрлі және инновациялық бағыттарды дамыту перспективаларын талқылау үшін таптырмас алаң», дейді ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Теміртон.