15 наурыз Қайырымдылық күнінде Samruk-Kazyna Trust қоры халыққа бірқатар әлеуметтік жобаны тарту етті. Аталмыш жобалар аясында жыл соңына дейін 5 мыңнан астам адам қайырымдылық көмекпен қамтылады.
65 ерекше баланың тұсауы кесілді
15 наурыз — Қайырымдылық күні қарсаңында қормен ашылған оңалту орталықтарында "Тұсаукесер" республикалық акциясы өтті. Онда кешенді оңалту көмегін алған түрлі диагнозы бар 65 балаға тұсау кесу рәсімі жүргізіліп, балақайлар алғашқы қадамдарын жасады. Рәсімді "Самұрық-Қазына" АҚ және өңірлердегі еншілес кәсіпорындарының жетекшілері мен мамандары жүргізді. Жалпы еліміз бойынша қор қолдауымен 45 оңалту орталығы іске қосылған.
Жаңа спорт кешені 180-нен астам баланың спортпен айналысуына мүмкіндік сыйлады

Ал Ақмола облысының Қажымұқан ауылында "Самұрық-Қазына" қорының компаниялары тобы атынан 15-ші спорт кешені пайдалануға берілді. Ауа тірек құрылымындағы кешеннің жалпы ауданы 1,7 мың ш.м. Мұнда дзюдо, қазақ күресі, бокс, волейбол, футбол бойынша секциялар ашылып, оған 188 бала тегін қатысуда.
11-ші инклюзия кабинеті жабдықталды
Қордың инклюзиялық қоғам құрудағы маңызды бастамасы жалғасуда. Астананың №53 мектебінде инклюзияны қолдаудың жаңа кабинеті ашылды. Бұған дейін "Samruk-Kazyna Trust" қаржыландыруымен елорданың 10 мектебінде осы форматтағы кабинеттер жабдықталып, 500-ге тарта бала немесе ерекше балалардың 16%-ы инклюзивті біліммен қамтылған болатын. №53 мектепте инклюзияны қолдау кабинетінде 46 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала білім алып, дамыту бағдарламаларымен қамтылады.

Атырауда ерекше балалар жұмысқа бейімделетін болды
Атырау қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар жұмыс істейтін "Белес" инклюзивті кофеханасы жұмысын бастады. Мұнда қазір 10 адам қызмет көрсетіп, оларды кәсіпке дайындау бойынша оқыту жұмыстары жүргізілуде. Жоба қоғамда теңдікті қалыптастыруды, ерекше қажеттілігі бар балаларды қоғамға бейімдеуді, еңбекпен қамтуды мақсат етеді.

Samruk Úmiti жобасы жаңа жұмысшы мамандарды дайындайды
Сонымен бірге "Самұрық-Қазына" қорының балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін кәсіби бағдарлауды көздеген Samruk Úmiti жобасы бастау алды. Бірегей білім беру жобасы Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 100-ге тарта оқушыны қамтиды. Осылайша алдағы уақытта 8-9 сынып оқушылары арасында іріктеу жүргізіліп, жұмысшы мамандықтарды таңдаған балаларға кәсіби бағдарлау шаралары өткізіледі. Ал қыркүйек айында колледждерге түсуге оқыту және кеңес беру түрінде көмек көрсетіліп, кейін оқу орнында тәлімгерлік қамқорлыққа алынады. Әрі қарай өңірде орналасқан "Самұрық-Қазына" АҚ портфельдік компанияларына жұмысқа тұруына ықпал етіледі.

Өткен аптада жоба аясында Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.