Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Аида Әбікеева Сербияның Ниш қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі .
63 келі салмақтағы шешуші жекпе-жекте Әбікеева таиландтық Тананьи Сомнуекпен жұдырықтасты.
Аида жекпе-жек барысында дәл соққылар жасап, қарсыласынан басым түсті. Осылайша 5:0 есебімен жеңіске жетіп, 2025 жылғы әлем чемпионатында ұлттық құрамаға үшінші алтынды әкелді.
Айта кетейік, 26 жастағы Әбікеева өз мансабында алғаш рет әлем чемпионы атанды, ол бұған дейін 2024 жылғы Азия чемпионатында жеңіске жеткен болатын.
Ұлттық құрама үшін бұл Сербияда өткен әлем чемпионатындағы бесінші медаль. Бұған дейін алтынды Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова, күмісті Виктория Графеева, қоланы Наталья Богданова жеңіп алған болатын.
Ал алтыншы медальды Қазақстан әйелдер құрамасының тағы бір өкілі Елдана Тәліпова финалдық кездесуде еншіледі.