Мемлекет басшысының 3 жылда атқарған саяси реформалары

Жаңалықтар

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Конституциялық және сайлау жүйесіндегі өзгерістер, халықтың табысының артуы мен жаңа облыстардың және институттардың құрылуы. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы үш жылдағы жүзеге асқан реформалары. Сыртқы саясатта да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар.

Алдағы 3-4 жылда Қазақстан жоғары табысты елдер қатарына енеді. Еуразиялық даму банкінің сарапшылары еліміздің болашағына қатысты осындай болжам айтты. Дүниежүзілік банктің мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жан басына шаққанда 10 700 доллар, 2024 жылы 11 500 доллар болған. Биыл табыс 12 мың долларға, ал 2029 жылға қарай 16 мың долларға жетеді.

Сарапшылардың пайымынша, бұған ел ішінде жүзеге асып жатқан инвестжобалар, өндіріс және машина жасау саласының дамуы, нарықтық экономикадағы реформалар сеп болып отыр. Соңғы үш жылда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауқымды реформалар жасады. Бүгінгі жетістіктер солардың нәтижесі.

Әйгерім Әбдірашитова, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы:

Президент реформаларын қарастырған кезде айтып кету керек, бұл жоғарыдан бастап төменге дейінгі өзгерістер. Бұл қандай мәселелер? Партиялардың Парламентке өту деңгейінің төмендеуі 7 пайыздан 5 пайызға дейін. Конституциялық соттың қалпына келуі, одан кейін бізде жоғарғы сотта да өзгерістер енгізіліп жатыр. Ауылды жерлерде әкімдерді сайлау. Бұл да жергілікті деңгейде халықтың билікпен диалогқа түсіп, жергілікті мәселелерді реттеуге тікелей халық арасынан шыққан үміткерлерді тарту болып табылады.

Енді соңғы үш жылда елімізде жүзеге асырылып келе жатқан реформаларды жіктеп, тізбектеп шықсақ. Мәселен: 2022 жылы жалпыхалықтық реферндум арқылы Конституцияға түзетулер енгізілді. Оған сай Президенттің өкілеттілігі шектеліп, Парламеттің құзіреті кеңейді. Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызмет атқаруға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иемденуге қатаң тыйым салынды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы пропорционалды, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйемен сайланды. Одан бөлек «Ұлттық қор – балаларға бағдарламасы» жүзеге асырылды. Сәйкесінше Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі балаларға бөлінетін болды. Сыртқы саясатта да біршама жетістіктерге жетіп, әлемдік саяси аренада беделі бар мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасымыз жақсарды.

Қазыбек Шайх, саясаттанушы:

Қытаймен өте жақсы қарым-қатынастамыз қазір. Біздің бауырларымыз түркі тілдес халықтармен жақсы қарым-қатынастамыз. Және өзім көріп жатқаным қазір Орта Азиялық қауымдастық құрылып жатыр. Өйткені осы тұрақсыз, қиын заманда біз бірігуіміз керек. Менің ойымша президентіміз қазір Орта Азиялық бірлестігін жасау, түркі елдер арасындағы қауымдастық, кооперация жасау жұмысын өте зор атқарып жатыр.

Соңғы жылдары жүзеге асқан тағы бір реформаның бірі ол елде ең төменгі жалақының өсуі. Атап, айтсақ түрлі салада жұмыс істейтін 1,8 млн жалдамалы қызметкердің табысы артты. Сондай-ақ ел үшін өзекті проблемалар қаузалатын Ұлттық құрылтай институты құрылды.

Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер кезек күттірмей шешімін тауып жатыр. Мәселен былтыр Атырауда өткен келелі жиыннан кейін құрылтайда айтылған тақырыптар бойынша 10 заң жобасы Мәжілісте қаралып, 9-ы мақұлданды. Ең бастысы халық үніне құлақ асатын мемлекет болып қалыптастық. Соңғы 3 жылда 3 бірдей референдумның өтуі соған айқын дәлел. Атап айтсақ, Конституцияға түзетулер енгізерде, жаңаша тәсілмен Парламент және Мәслихат депутаттарын сайлау тәртібін өзгертерде және АЭС салуға қатысты халықтың пікірі ескерілді.

Нұрсұлтан Тілектес