Елімізде сонау неолит дәуірінен бері тойланатын мереке бар

Жаңалықтар

Сонымен, Қазақстан кейінгі жылдары "Наурызнама" тұжырымын қабылдап, Наурыз мейрамын бір емес, он күн бойы атап өтетін болды . 14 наурыз – онкүндіктің басы, Көрісу күні.

Отандастарымыз бұл датамен кейінірек таныса бастағаны белгілі, ал еліміздің батысындағы жұрт Көрісу күнін бұрыннан бері тойлайды. Халық бір-бірін құшағына қысып, "бір жасыңмен" деп жатады. Көктемнің жаңару кезеңі екенін, жаңа жылға амал етіп аман жеткенін меңзейтін сөз. Ақыры мереке бүкіл қазаққа ортақ бола бастады, анығын айтқанда, кей замандарда жоғалтып алған "темірқазық" қайта табылды. Ал бұл күннің тарихы қайдан бастау алды?

Көне күнтізбелер не дейді?

Негізі 14 наурыздан 22 наурызға дейінгі аралықта бүкіл жаратылыс, дүние толғатып жататындай көрінеді. Жалпы, Амал мерекесін жат санап, үрке қараудың қажеті жоқ, олай қарасаңыз тарихты өзгертуге талпынған бекершілік дер едік. Бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы екенін жиі естиміз. Көрісу күнін зерттеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы кіріспесі ретінде қабылдайды.

Тағы бір топ ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. Себепсіз емес, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізді. Бірақ алдыңғысымен айырмашылығы 13 күн болған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі негізге алсақ, 1 наурыз 14 наурызға дәл келеді. Мұны Шәкәрім қажының баласы Ахаттың естелігінен көресіз: "14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: "Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі, "жаңа күн" деген сөз" деп жазған.

Шамасы, ежелде қариялардың "қызылбастың наурызы" деуі – осыдан. Алайда Көрісудің тарихын күнтізбенің ауысуынан іздеуге негіз жоқ екен. Көрісу күні, яғни Амал мерекесі Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірлерінде атап өтіледі. Бірақ мерекені бір аймаққа ғана тән деуден аулақпыз. Оған дәлел ретінде Абайдың "Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…" деген өлең жолдарын келтірсек болады. Шынында қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі.

Көрісу мен Наурыздың байланысын іздегенде "Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi" атты энциклопедиясына жүгінуге болады. Осы кітапта аталған мейрамдарға қатысты көптеген деректер бар. Наурыз ерте заманда отырықшы иран тілдес халықтарда қалыптасқан, егіншілік ғұрыптарымен байланысты мейрам саналатынын онсыз да көп оқыдық. Күн мен түннің теңелуіне негізделген, яғни, көктемнің келуі, табиғаттың тірілуімен шендестіріліп, егін егу науқанының басталуымен түсіндіріледі. Уақыт өте келе Наурыз мұсылман түркі елдерінің "Ұлыстың ұлы күні" деген мағынада төл мерекесіне айналғаны жазылған. Көне заманнан бері Наурыз күн мен түннің теңелген уақытында, яғни, жаңаша наурыздың 22-сінде (ескіше наурыздың 9-ы) жыл басы ретінде тойлап келе жатқан айтулы мейрамы.

Қазақта Наурыз мейрамымен байланысты айтылатын аңыз-әпсаналар, мақал-мәтелдер, бата-тілектер, наным-сенімдер, салт, ырым-жоралғылар атаулы ел ішінде аз кездеспейді. Мұндай тілдік деректердің аса мол болуы Наурыз мейрамының әлеуметтік-мәдени маңызының аса зор болғанын, тарихының өте тереңде екенін көрсетеді. Амалдар наурыз айында басталады. Амал деп отырғанымыз – кәдімгі әрекет, еңбек ету, жұмыс істеу.

Жыл аяғында, наурыз айының 17-21 күндерi аралығында болатын жауынды-шашынды, суық, әрi лайсаң мезгiл бесқонақтан қатты сақтанып отырған. Самарқанның көк тасы жiбитiн күні шығыста күн жылып, жер жiбiп, ашық, шуақты мезгiлдер басталатынын хабарлайды. Жаңа айдың туатынына дейінгі бір-екі күн мен "кеміген" айдың аспаннан екі күндік жоқ болып кету мерзімін қазақ өліара атаған.

Наурыз айының соңғы күндерiнде жыл құстары да ұшып келе бастайды, қар аралас жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап, тағы сол амалға жатқызған. Міне, осылайша өзара іргелес ұғым күйіне еніп, халық тілінде кейде амалдың атымен айдың атын немесе айдың атымен амалдың атын атай берген.

Наурыз айының алғашқы он күні халық тілінде түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз, ая мейіз алты күн, қырына алса қатты күн деп сипатталады. Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанымен, артынша-ақ алай-дүлей қар борап аласапыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды халықтық метеорологияда отамалы атайды. Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары жұлдызы бір түзудің бойында тізіле орналасады. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқайды.

Көп күнге созылар кезең

Этнограф-ғалым Мәшһүр Жүсіптің Бұхар жұртынан келтірген дерегінде күн мен түн теңелгенде, балық аунап түсетін құбылыс айтылады. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайын: "Наурыздама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде балықтар аунаған жағынан екінші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: "Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!" деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: "Жаңа жыл тойы!" деп жазады.

Енді осындағы бір сөзге үңілсек, "тура сегіз күн тойланады" делінген, демек, дәл осы кезең шамалап қарасақ 14-22 наурыз арасындағы санды көрсеткендей.

Ал ежелде ел ішіндегі аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуі Наурыздама аталған екен. Наурыздама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды. Арқа еліндегі дәулетті Тәти Наурыздама тойын өткізген деп, арғынның атақты биі Едігені жүз кісісімен күткендігі жөнінде Мәшһүр Жүсіп жазбаларында мынадай дерек бар.

"Сіз бір жақтан бір жаққа бара жатқан жолаушы емессіз, әдейі Наурыздама қылдыра келдіңіз! Ұдайымен сегіз күн қылмаған соң, мұның қылуға не сәндігі бар?!", – деп сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті. Біз атаған кітапта Көрісу – Ұлыстың ұлы күні атқарылар салттың бірі аталған. Этикет бойынша жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа барып, жасы үлкенмен көріседі.

Наурыз мейрамы мен қазіргі жаңа жылдың ұқсастығы бар

Наурыз мейрамы халықтың санасына маңызды дата есебінде сіңіп үлгерді. Жалпыхалықтық сипат алуы үшін тағы да маңызын арттырар қосымша мән жүктеген дұрыс секілді. Бұл тұста бірнеше дүниені алға шығаруға болады. Мәселен, біріншісін жақындастыру деп алайық. Қазір ел-жұрт көрші мен туыстың арасы бұрынғыдай жақын емесін айтып жатады. Бұл күні ертедегі көшпенділер ескі киім-кешек пен көнерген заттарын өртейтін болған. Үй ішін әсемдеп, алдағы мен арттағы, оң жағы мен сол беткейде отырған қырық үйге дейін бас сұққан. Дастарқанға төрт түрлі дәнді дақыл қойылып, ел ырысы тасығанын тілеген.

Енді қараңыз, осы жерден екінші құндылық шығады. Жаңағы суреттеуімізге үңілсек, құдды қазір біз тойлатып жүрген жаңа жыл мейрамы іспетті. Әлемде датасы бөлек өзіндік жаңа жылдарын тойлайтын елдер бар. Қазіргіні кері теппесіміз белгілі, бірақ екеуінің де өзіндік мәнін сақтауға болатындай. Бұл пікірді құптаушылар жетерлік. Мысалы, тарихшы-этнограф Жамбыл Артықбаев түбі қазақтың жаңа жылы наурыз айында тойлану керегін біраз бері айтып жүр.

– Наурыз мерекесі неолит дәуірінде, яғни тас дәуірінде, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтардан бері бар. Бұл мереке жайлы қажет десеңіз көне адамзат аңыздарында, Інжілдегі Нұх пайғамбардың оқиғасында айтылады. Діни мейрам дегені желеу ғана, Кеңес Одағы заманында ұлттық болмысқа қарсы күрес қатты жүрді. Сол себепті дінді сылтау етіп ұлттық болмыстан айырды. Наурыз – салт-дәстүрді түгендеу емес, тірілту. Бұрын да айтып келдік. Амал мерекесін өз басым құптаймын. Бұл тұста батыс өңірін бөлудің қажеті жоқ. 14 наурыз бен 22 наурыз арасы – көктем қонақтайтын шақ, яғни, жер дүниенің жаңарар сәті, – дейді.

Сонымен, амал айымыз елдің жаңа тынысын ашып, серпілуіне рухани тұрғыдан дем бермек. Наурыз мейрамының басы – Көрісу, әр атаулы күннің ұйытар игі ісі мен айтары бір.