«Аrtsport» ауыл балаларына қолжетімсіз

Жаңалықтар

Алқалы жиынның Әлеуметтік-экономикалық сек­ция­сы отырысында «Аrtsport» бағдарламасының қар­­жы­сын үнемдеу туралы ұсыныс айттым. Мәселен , Қара­ған­ды облысында бұл бағдарламаға бір жылда 4 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Облыс халқының 85 пайы­зы қала­да тұратынын ескерсек, «Аrtsport»-тың қызы­ғын қала балалары көріп жатыр. Ал қалаларда тегін үйір­ме-сек­ция­ларды мәдениет үйлері мен жасөспірімдер сарайы да ұсынады.

Қарағандының өзінде 4 мә­дениет үйі мен 3 жасөс­пі­рім­дер сарайы бар. Бұларда жүз­ден аса секция жұмыс істей­ді. Ондағы үйірмелер сапалы, заманауи құралдармен жаб­дық­талған, мамандары білікті. Олай болса қалалықтар үшін онсыз да жұмыс істеп тұр­ғ­ан үйір­мелерді неге «Аrtsport»-тан алып тастамасқа?

Мәдениет үйі мен Оқушылар сарайында үйірмеге келген бір балаға 500 теңге (шама­­мен) қа­рас­тырылған, оқыту­шы­лар­дың жалақысы – 80-120 мың теңге аралығында. Ал «Аrtsport»-та бір балаға 28 мың теңге бөліне­ді. Бір дегенде 200-400 балаға «Аrtsport» арқылы қыз­мет көр­сететін жекеменшік орта­лықтар бар. Олар жылда әртүрлі орын жалдайды, мекен­жайы ауы­сады, жабдығы мен оқы­туын тексеріп жатқан құзыр­лы орган жоқ. Парадокс па?

«Аrtsport»-қа жұмсалып жатқан қаржының бір бөлі­гін мәдениет үйі мен жасөс­пірімдер сарайының жабдық­тарын жаңартуға, оқыту­шы­лардың жалақысын көтеруге неге бөлмеске? Ән-күй, би үйір­ме­лерін «Аrtsport»-тан алып, мемлекеттік мекемелерге беру керек. Бюджет қаржысын үнемдеу деген – осы.

«Аrtsport»-тың қаржысын бассейн, тағы басқа баламасы жоқ үйірмелерді ашуға жұмсаса екен. Әрі «Аrtsport»-қа қар­жы қарастырылғанда ауыл мен қала­ға бөлінетін қаржының тепе-теңдігін сақтау қажет. Мем­лекет балаларды дамытуға қар­жы бөліп жатыр. Алайда ол ауыл балаларына жеткен жоқ. Аймақтарда «Аrtsport»-қа­ жұмсалған қаржының ­80 па­­йызы қалада қалады. Себебі мо­ниторинг жасап жатқан ешкім жоқ.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ,

«Қарағанды қаласындағы отбасын қолдау орталығы» КММ басшысы