Кредит алудан ерікті бас тарту жүйесін алаяқтар жайлай бастады.
Қазақстанда өткен жылдан бастап, "Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту" жүйесі толыққанды қолданысқа енгізілді.
Қазақстандықтар eGov электронды Үкімет порталына кіріп, осы аттас автоматтандырылған қызметті пайдалана алады. 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап, ерікті түрде бас тартқан адамның атына алаяқтар әлдеқалай несие рәсімдей алса, онда заемшы ол кредитті өтеуден босатылады.
"Қаржы алаяқтығының деңгейін төмендету мақсатында Қазақстанда несие алудан ерікті түрде бас тарту шарасы енгізілді. Оның аясында әр азамат өз атына кредит ресімдеуге тыйым сала алады. "Стоп кредит" қызметі eGov.kz сайты арқылы және E-gov mobile қосымшасында қолжетімді. Осыдан кейін кредиттік тарихыңызда несие алудан уақытша бас тартқаныңыз туралы белгі пайда болады", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Кредиттік ұйым – банк немесе микроқаржы ұйымы несие бюроларынан клиенті туралы деректерді сұрағанда оның атының тұсында мұндай шектеу белгісі қойылғанын көреді және заң бойынша автоматты түрде клиентке кредит бермеу туралы шешім қабылдауға міндетті.
"Егер адамның атына кредиттер рәсімдеуге дербес тыйым салынғаннан кейін оның атына қарыз рәсімделсе, онда берешек автоматты түрде жойылады. Бұл бас тартуды кез келген уақытта өшіруге болады. Шектеу ломбардтарға, сондай-ақ өз клиенттерінің кредиттік тарихына баға бермейтін басқа ұйымдарға қолданылмайды", – деп мәлім етті агенттік.
2024 жыл қорытындысында "Стоп кредит" қызметін 920 мыңнан астам азамат пайдаланған. Олардың алды түрлі себеппен бас тартуды жойып та үлгерген.
Алайда бір жыл да өтпей жатып, несиеге өзіндік тыйымды ("самозапрет") алаяқтар өз қажеттілігіне жаратудың жолын тапты. Олар құрбанына қоңырау шалғанда, өзін электронды Үкімет порталының қызметкері ретінде таныстырады.
Қаскөйлер "Стоп-кредит" жүйесінде қате кеткені туралы хабарлайтын көрінеді. Оны дереу жөндемесе, "алаяқтардың тұзағына түсетінін" түсіндіреді.
Содан "ақауды" түзету үшін адамға ұялы телефонына жіберілген сілтемемен тез арада өтуді ұсынады. Ал, ол сілтеме зиянкес фишингтік сайтқа бастайды.
Ол парақша безендірілуі жөнінен нағыз электронды Үкімет порталына егіз қозыдай ұқсас болып келеді.
Бұл жалған порталға кірген пайдаланушы өзінің нағыз логині мен паролін тереді. Осы арқылы алаяқтарға шынайы электронды Үкімет порталындағы өзінің жеке кабинетін толық қолжетімді етеді.
Салдарынан, қаскүнемдер азаматтың дербес деректеріне қол жеткізеді. Оның атынан түрлі мемлекеттік қызмет ала алады. Дербес деректерін пайдалану арқылы адамның банктік шоттарына қол сұғады, тіпті оның атынан онлайн несие рәсімдей алуы мүмкін екен.
Алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін ешқашан күмәнді немесе белгісіз дереккөздерден жіберілген сілтемелер бойынша өтпеуге кеңес берілді.
Сондай-ақ егер бұған дейін орнатылмаған болса, онда eGov-тағы жеке кабинетте және басқа ресурстарда "Баптау-Настройки" арқылы қосфакторлы аутентификацияны орнатқан жөн.
Жалпы, кейбір депутаттар Үкіметтің "Стоп-кредит" жүйесіне қарсы. Олардың айтуынша, еңбектеген баладан зейнеткерліктегі қарияға дейін, 20 миллионнан астам адамды "кредит алмаймын!" деп өзіне өзі тыйым салуға мәжбүрлеу – қателік.
Оның орнына тек несие алғысы келетіндерді ғана мазалаған орынды: олар электронды Үкіметтен "несие алғым келеді!" деп рұқсат сұрауы қажет. Кім рұқсат алмаса, несие берілмейді.
Мәжілісмен Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бір топ депутат "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына былтыр тиісті өзгерістерді ұсынды. Алайда бұл бастама құпталмапты.
"Қазір азаматтар eGov.kz порталына кіріп, арнайы тетікті басу арқылы несие алудан бас тарта алады. Оның статистикасын қарасақ, ондай мүмкіндікті пайдаланғандардың саны аз. Өйткені көп азаматтар бұл туралы білмейді және бұл ақпаратты жеткізу де өте қиын. Сондықтан біздің ұсынысымыз ‒ by default, яғни, автоматты түрде келіспеу презумпциясын енгізу еді. Керісінше, тек "несие аламын!" дегендер ғана eGov порталында несие алуға дайын екенін растауы керек", – деді депутат.
Оның байламынша, мысалы, тіпті 10 миллиондай адам несие алғысы келсе, eGov порталына кіріп, бір ғана тетікті баса салады, келісімін береді. Онда тұрған қиын ештеңе жоқ.
Сонда мәжілісмендердің пікірінше, азаматтардың, әсіресе, технологияның тілін біле қоймайтын зейнеткерлердің атынан ешкім несие алмаушы еді.
Бұл азаматтарды, соның ішінде қарттарды қорғаудың маңызды бір шешімі болар еді. Алайда Аймағамбетовтың айтуынша, жауапты органдар мұны "азаматтардың құқығын бұзу" болады деп мақұлдамай қойған көрінеді.
Бірақ бұл бастаманы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ары қарай қарастыруға уәде етті.